Негізгі Жаңалықтар Ауыл шаруашылығын дамытудағы жүйелі жұмыстар

Ауыл шаруашылығын дамытудағы жүйелі жұмыстар

Ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау күшейіп келеді. Шығысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин өңірдегі шаруалармен кездесіп, мемлекеттік қолдау тетіктері мен жеңілдетілген несие мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жиында мал шаруашылығын дамыту және омарта шаруашылығын өркендетудің өзекті мәселелері сөз болды.

Биыл агроөнеркәсіп кешені өкілдеріне жеңілдетілген несие беруге 750 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Кездесуде егін жинау науқанының барысы да талқыланды. Шығыс Қазақстанда жоспарланған алқаптардың жартысынан астамында жұмыс аяқталған. Мал шаруашылығын дамытуға да айрықша басымдық берілмек. 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асыруға мемлекет шамамен 300 миллиард теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Қаражат асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, жем-шөп базасын нығайтуға, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ғылыми зерттеулер мен шаруашылықтарды технологиялық жаңғыртуға жұмсалмақ. Ал, шаруалар үшін қазірдің өзінде «Игілік», «Береке» және «Жайлау» атты үш жаңа қаржылық құрал іске қосылған.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Біріншіден, тұқым, тыңайтқыш және зиянкестермен күресуге арналған пестицидтерді сатып алуға субсидия төленді. Екішіден, 300 млрд ақша биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лизингке 5 пайызбен бөлінді. Үшінші мәселе, жанар-жағармай 15 пайыз төмен бағамен ауылшаруашылығы құрылымдарына жеткілікті беріліп жатыр. 

Қазақстанда омарта шаруашылығы да біртіндеп қарқын алып келеді. Дегенмен өндіріс көлемінің өсуімен бірге сала алдында жаңа міндеттер де пайда болуда. Мамандар даярлау, зертханалық зерттеулер жүргізу және ветеринариялық бақылау – республикалық конференцияда талқыланған негізгі мәселелердің қатарында. Шара Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Жиынға еліміздің әр өңірінен 60-тан астам омарташы жиналды.

Сергей Петров, «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағы директорының орынбасары:

Араларды және олардың тіршілік ортасын сақтау – мемлекет пен сала мамандарының басты міндеттерінің бірі болуы тиіс. Қостанай облысында араларды және олардың тозаңдандырғыштарын қорғауға арналған Қазақстандағы алғашқы парк құрылды. Бұл омарта шаруашылығын биоалуантүрлілікті сақтаумен, балды өсімдіктер қорын қалпына келтірумен, экологиялық ағартумен және ауылдық аумақтарды дамытумен ұштастыруға болатынын көрсететін нақты мысал. Келесі назар аударатын бағыт – өнімді қайта өңдеу. 

Конференция омарташылар, ғалымдар мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді. Сала мамандары өз ұсыныстарын мемлекеттік саясатты қалыптастырып, жүзеге асыратын жауапты өкілдерге тікелей жеткізді. Жиын соңында омарта шаруашылығын дамытуға үлес қосқан үздіктер мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. 

Қатысушылар Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертханасы базасында ұйымдастырылған омарта өнімдерінің көрмесін де тамашалады. Мұнда балдың түрлі сұрыптары мен ара шаруашылығына қажетті өнімдер көпшілік назарына ұсынылды. 

Бұдан кейін делегация өңірдегі ірі омарта шаруашылықтарының бірі – Буньковтар отбасына тиесілі омартаға барды. Отбасылық кәсіптің тарихы өткен ғасырдың 70-жылдарынан басталған. Бірнеше онжылдық ішінде шағын шаруашылық ауқымды өндіріске айналып, бүгінде дәстүрлі кәсіпті заманауи тәсілдермен ұштастырып келеді.

Наталья Бунькова, кәсіпкер:

Ата-анамыз бізге алғашында 14 ара ұясын берді. Содан бастап өз шаруашылығымызды жүргізе бастадық. Жыл сайын біртіндеп дамып, ұя санын көбейттік. Кейін 150, 200 ұяға жеттік. Қазір мыңнан астам омартамыз бар. Әрине, бұл нәтижеге бірден жеткен жоқпыз. Біртіндеп дамып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Өйткені омартаға арналған техника мен құралдар өте қымбат. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 5 мың тоннадан астам бал өндірілген. Оның 2 мың 900 тоннадан астамы Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Саланы одан әрі дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылдан бері кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы. Құжатта омарта шаруашылығын дамыту, өндірісті ұлғайту және өнімді қайта өңдеуге басымдық берілген.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар