«SHASHLYK FEST» фестивалі өтті
Өскеменде қала күніне арналған мерекелік шаралар жалғасуда. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі форматтағы мәдени және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Солардың бірі – көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған «Shashlyk fest» фестивалі. Толығырақ тілші Бекарыс Әмірбек тарқатады.
Шараға қаладағы он мейрамхана қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Кәсіби аспаздар кәуаптың бірнеше түрін ұсынып, тұрғындарға өздерінің ерекше рецептерін таныстырды. Фестиваль барысында 5 мыңнан астам кәуап дайындалды. Ал мерекелік тағамдар қала тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді бағамен сатылды.
Қымбат Мұратова, қала тұрғыны:
Бізге осы ұыймдастырылып жатқан Шашлык фест деген фестиваль өте ұнап жатыр. Кәуаптардың дәмі өте дәмді, отбасымызбен келіп осы жерде қарсы алдық.
Виктория Зайцева, қала тұрғыны:
Мен кәуаптің дәмін таттым, ол өте дәмді болды, барлығына осы жерге келіп, кәуаптің дәмін татуға кеңес беремін. Даярлап жатқан аспаздарға да үлкен алғысымды білдіремін.
Тамерлан Төленді, оқушы:
Көңіл күйім барлығы жақсы, шашлык фестке бардым, әкем, анам және бауырым бәріміз бірге бардық,шашлык өте дәмді болды.
Фестиваль тек аспаздық сайыспен шектелген жоқ. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары үшін көңілді демалысқа барлық жағдайды жасады.
Ануар Ахметқалиев, Өскемен қ. Креативті индустрияны дамыту орталығы директорының орынбасары:
Бұл жерде келген адамдар кәуапты 20-30 пайызға төменірек бағада ала алады. Одан бөлек балалрға арнайы аниматорлар шақырылған, ойын-сауық аймақтары бар.
Бұдан бөлек, Республика алаңында «Әуенді орындық» атты музыкалық кеш ұйымдастырылды. Шара барысында жас музыканттар қала тұрғындарына өз өнерлерін ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Айсұлу Қамзина, қала тұрғыны:
Осындай іс шаралар ұйымдастырып жатқанына өте қуаныштымын. Өскемен қалалық, облыстық әкімдіктерге алғысымды айтамын. Бүгінгі шарада менің ұлым өнер көрсетіп жатыр. Соны тамашалауға келдім. Бірақ басқа да өнерпаздардың өнеріне тәнті болып тамашалап отырмын.
Ұйымдастырушылар мұндай шығармашылық бастамаларды алдағы уақытта да жалғастырып, қаланың қоғамдық кеңістіктерін мәдени ортаға айналдыруды көздейді.
Жұпар Әшімова, әнші:
Біз бүгінгі кеште орындаған 12 әніміз бар. Бұл кештің барлығы біз сияқты жас музыканттарды қолдау үшін, дамыту үшін.
Қала күніне арналған мұндай шаралар тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, Өскеменнің мәдени және қоғамдық өмірін жандандыра түседі.30 тамызға дейін мерекелік бағдарламалар шаһардың әр бөлігінде жалғасын табатын болады.
Бекарыс Әмірбек