Негізгі Жаңалықтар Облысқа 3 трлн теңге инвестиция тартылмақ

Облысқа 3 трлн теңге инвестиция тартылмақ

Шығыс Қазақстан облысы 2030 жылға дейін шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәслихат сессиясында мәлімдеді. Негізгі мақсат – жалпы өңірлік өнімді екі есеге арттыру. 

Қазір өңірде жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 103 жоба қолға алынған. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал биыл 12 нысанды іске қосып, 1300 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Экономикалық өсудің негізгі тірек нүктелері ретінде Өскемен мен Зайсан қалалары белгіленді. Өскемен өнеркәсіп пен бизнестің ірі орталығы ретінде дамитын болса, Зайсан шекара маңындағы маңызды логистикалық торапқа айналмақ. Бұл ретте көлік инфрақұрылымын жетілдіру мен жаңа өндірістер ашуға басымдық беріледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Биылғы жылы Катон-Қарағай және Зайсан қалаларында әуежайлар құрылысын аяқтау, негізгі туризмдік нысандарда қолжетіәмділікті жақсарту, жаңа туристік нысандарға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Алайда көлік инфрақұрылымы туризмді дамыту үшін ғана емес, халықтың өмір сүру сапасы мен тікелей тәуелді. 

Өскемендегі көлік мәселесін шешу де өңір дамуының маңызды бағыттарының бірі. Қаладағы көлік ағынын жеңілдетіп, жаңа аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру үшін Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір салу жоспарланып отыр. Жобаға республикалық бюджеттен қаржылай қолдау көрсетілмек.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

Президентіміздің тікелей ьапсырмасы аясында облыс орталығының кептеліс мәселесін шешіліп, экономикасының дамуына қарқын беретін, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір республикалық бюджеттен қолдау тапты.  

Инвестиция тарту жаңа салаларды дамытып, өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталмақ. Әсіресе шикізатты терең өңдеу, жоғары технологиялық өндірістер мен шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын жобаларға басымдық беріледі. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай Шығыс Қазақстанда әртараптандырылған экономика қалыптастырып, облыстың елдегі жетекші өнеркәсіптік орталық ретіндегі позициясын нығайту көзделіп отыр. Жиын соңында ҚР Парламентінің 30 жылдығына орай елдің заң шығару саласының дамуына және мемлекеттік қызметке үлес қосқан азаматтарға мерекелік медальдар табысталды.

Аяулым Усинова

Бөлісу

Аймақтық телеарналар