Қала күніне орай бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды
Қала күніне орай облыс орталығы мен оған қарасты аумақтарда бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Жаңа нысандардың қатарында бүлдіршіндерге арналған мектепке дейінгі ұйым мен ауыл тұрғындарының басын біріктіретін қоғамдық орталық бар. Мұндағы басты мақсат – халыққа қолайлы жағдай жасап, балалардың дамуына және тұрғындардың белсенді араласуына мүмкіндік беру.
Облыс орталығында қала күніне орай тағы бір мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді. Нұрлы жол шағынауданындағы жаңа балабақша 260 бүлдіршінге арналған. 1523 шаршы метр аумақты қамтитын нысанда мемлекеттік тілде білім беретін 11 топ жұмыс істейді. Мұнда балалардың шығармашылық және физикалық дамуына арналған музыка және спорт залдары, сондай-ақ медициналық кабинет қарастырылған. Жаңа нысанның ашылуы шағынаудандағы жас отбасылар үшін мектепке дейінгі білім алуға қолжетімділікті арттырмақ.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
Бүгінгі күні біздің облысымызда 33 мыңнан аса бала мектепке дейінгі біліммен қалыптасқан. Оларға 380 мың осындай мектепке дейінгі білім ұйымдары қызмет етеді. Олардың ішінде 101-і осы Өскемен қаласында. Осы білім ошағынан керемет осы мектептерге болашақ дайын боп, балаларымыз өсе берсін, өне берсін. Балаларымыз аман болсын, бақытты болсын. Балаларымыз мықты болса, болашағы еліміздің мықты болмақ!
Сондай-ақ Самсоновкадағы жаңғыртылған комьюнити-орталық та енді ауыл тұрғындарының ортақ бас қосатын орнына айналмақ. Аталмыш нысанда кітапхана, полиция пункті, аумақтық басқару орталығы және 50 орындық зал бар. Мұнда мәдени-көпшілік шаралар, кездесулер мен жиындар өткізіледі. Сондай-ақ балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шахмат, дойбы және вокал үйірмелері жұмыс істейді.
Ольга Погорелова, ауыл тұрғыны:
Әсеріміз ерекше. Қала, облыс басшылығының, жалпы Қазақстандағы осындай орындарды жаңартуға бағытталған саясаты бізді қатты қуантты. Мына ғимаратқа қарасаңыздар, бұрын бүкіл ауыл болып осында жиналып, мерекелерімізді өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырамыз деп ешқашан ойлаған жоқпыз. Енді ауыл тұрғындары үшін бас қосып, қуанышты күндерді бірге атап өтетін жайлы орын пайда болды.
Мұнда тұрғындар кездесіп, өзара тәжірибе алмасып, ауылдың өзекті мәселелерін талқылай алады. Әсіресе балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға басымдық берілмек. Осылайша жаңарған нысан мәдени демалыс орнымен қатар, түрлі бастамаларды жүзеге асыратын қоғамдық алаң болмақ.
Нұргүл Қашқанова, ауыл тұрғыны:
Облыс әкіміне, қала әкіміне, осы жүгіріп жүрген жастарға, өзіміздің ауылдың белсенді азаматтрына бәріне рахмет. Осындай жақсы сәттерміз көп болсын ауылда. Гүлдей берсін, жастар өсе берсін.
Ауылдағы аға буын өкілдері мұнда балалардың өнерін шыңдап, жастарға тәлім-тәрбие беруге мүмкіндік артқанын айтады. Алдағы уақытта орталықта түрлі мерекелік шаралар, шығармашылық кездесулер мен қоғамдық жиындар тұрақты ұйымдастырылмақ. Жаңа нысан ауылдың мәдени әрі қоғамдық өміріне жаңа серпін береді.
Бекарыс Энгельс