Негізгі Жаңалықтар Шешек асуында батпырауықтар фестивалі өтті

Шешек асуында батпырауықтар фестивалі өтті

Қала күні қарсаңында Шешек асуы әдеттен тыс көрініске бөленді. Мұнда алғаш рет «Батпырауықтар» фестивалі ұйымдастырылып, табиғат аясында отбасылық демалысқа арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды.Шара барысында балаларға арналған ойындар мен байқаулар өтіп, аниматорлар бүлдіршіндердің көңілін көтерді. Ал ата-аналар балаларымен бірге таза ауада серуендеп, атқа мініп, мерекелік бағдарламаны тамашалады. Фестивальдің жарқын сәті – жаппай батпырауық ұшыру болды. Түрлі түсті батпырауықтар тау бөктерінің ажарын ашып, мерекенің көркін келтірді.

Фестивальдің форматы да өзгеше. Қала тұрғындары үшін тау бөктерінде ұйымдастырылған мерекелік бағдарламаға балалар мен ата-аналар бірге қатысып, түрлі ойындар мен байқаулар өтті. Ал аспанға самғаған сан түрлі батпырауық шараның басты көрінісіне айналды.

Болатбек Мамарбаев, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Бүгінгі іс-шара бұл «Батпырауықтар фестивальі деп аталады» Негізгі мақсаты- отбасылық құндылықтарды дәріптеп,балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру. Өздеріңізге мәлім, қазір технология заманы, уақыт тез өтетін заман. Сол себепті таза ауада отбасымен байланысты нығайтуға арналған осындай жақсы мереке өтіп жатыр. 

Тұрғындардың белсенділігі шараның ауқымын да айқындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге келгендер саны жоспарланған бағдарламаның өз деңгейінде өткенін көрсетті

Сергей Гузев, қала тұрғыны:

Осындай тамаша мерекелік шара ұйымдастырған ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Балалар үшін бұл – өте көңілді әрі қуанышты мереке. Көңіл-күй көтеріліп, жалпы атмосферасы өте жақсы, жайлы екені көрініп тұр. Расында да, халық көп жиналған. Әсіресе балалардың қарасы көп. Бұл шара негізінен балаларға арналғаны қуантады. Осындай мерекені ұйымдастырған қала әкімдігіне және барша ұйымдастырушыларға рақмет айтамын. 

Қазіргі таңда балалардың бос уақытының басым бөлігі гаджетке тәуелді болып бара жатқаны жасырын емес. Осындайда ата-ана мен балаға бірге уақыт өткізіп, смартфон мен компьютерден бір сәт алыстауға мүмкіндік беретін шаралардың маңызы арта түседі. Шешек асуындағы фестиваль де тұрғындарға күнделікті қарбаластан тынығып, таза ауада бірге демалуға жағдай жасады.

Аяулым Мұқамедқалиева, қала тұрғыны:

Бүгінгі Батпырауық фестивальін естігеннен кейін, балаларымды алып, Шешек деген тауымызға келдік. Бүгінгі фестиваль өте қатты ұнап жатыр. Көңіл-күй деген керемет. Қала күніне орай біздің әкімшілік осындай фестивальдар, күнделікті шаралар өткізіп жатқанына біз қатты қуанамыз және атсалысып қатысып жатырмыз. 

Алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль көпшіліктің көңілінен шықты. Жиналған халыққа қарап, ұйымдастырушылар бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Демек, Шешек асуындағы батпырауықтар фестивалі қала күнінің тұрақты мерекелік шараларының біріне айналуы мүмкін.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар