Негізгі Жаңалықтар Бал, қарбыз және қолөнер: Өскемен қаласының тұрғындары қала күнін атап өтті

Бал, қарбыз және қолөнер: Өскемен қаласының тұрғындары қала күнін атап өтті

Қала күніне орай Республика алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда қатарлары, бал жәрмеңкесі мен қарбыз фестивалі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жергілікті қолөнершілер өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Мерекелік бағдарлама сауда-саттықты, шығармашылықты және барлық қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ойын-сауықты біріктірді.

Мерекелік таң сауда-саттықтан басталды. Сөрелерде ет өнімдері, сүт өнімдері, тәттілер, бал, маусымдық көкөністер мен жемістер самсап тұрды. Жәрмеңкеге облыстың әр ауданынан фермерлер мен кәсіпкерлер өз өнімдерін әкелді.

Людмила Роенко, сатушы:

Біз Глубокое ауданының өнімдерін ұсынып отырмыз. Ысталған өнімдер, шұжықтар, сары май, ірімшіктер әкелдік. Жәрмеңке өте жақсы ұйымдастырылған. Барлығы қолжетімді, орын да жеткілікті. Бәрі ұнап жатыр, көңілімізден шықты.

Мерекелік бағдарламаның ерекше бөлігінің бірі – бал фестивалі. Оған облыстың әр ауданынан омарташылар келген. Кейбір отбасылар үшін ара шаруашылығы – бірнеше ұрпақтан жалғасып келе жатқан кәсіп. Мұндағы әр балдың өзіне тән мекені, маусымы мен өндіру тәсілі бар. Ал таңдау тек дәміне ғана емес, аралардың балды қай жерде және қай уақытта жинағанына да байланысты.

Александр Шаров, жеке кәсіпкер:

Біздің отбасымыз Самар ауданында омарташылықпен төртінші ұрпақ болып айналысып келеді. Ара ұяларымыз тауда орналасқан. Сонымен қатар жазыққа түсіп, егістіктерді тозаңдандыруға көмектесеміз. Егін шаруашылығын да қолдаймыз, өйткені аралар азайып барады. Тозаңдандыратын жәндік те, мүмкіндік те азайып келеді. Бізде балдың бірнеше түрі бар: тау балы, дала балы. Көктемнен бастап тауда боламыз, кейін жазыққа түсіп, даладан бал жинаймыз. Қала оянып, тіршілік басталды, сауда да біртіндеп жүріп жатыр. Қалай болғанда да, мереке жақсы өтті деп айта аламыз. 

Тамыз айының тағы бір дәмді символы – қарбыз. Қалалық мерекеге олар Құршым ауданынан жеткізілді. Жолақты жемістер бірден сатып алушылардың назарын аударды.

Асылбек Қалдешев, «Дастан» шаруа қожалығының директоры:

Өскемен қаласының барлық тұрғындарын Қала күнімен құттықтаймын! Бұл – Құршым ауданы, Алғабас ауылының «Дастан» шаруа қожалығында өсірілген қарбыздар. Сауда жақсы жүріп жатыр. Қарбыздарды келісі 150-180 теңгеден, қолжетімді бағамен сатып жатырмыз.

Дәстүр бойынша қолөнершілер де өздерінің қолынан шыққан бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Мұнда заманауи идеялар ұлттық нақышпен үйлесім тапқан. Мерекеге киізден жасалған қолөнер бұйымдарымен келгендердің бірі – Надежда Ионова.

Надежда Ионова, қолөнер шебері:

Мен киізбен жұмыс істеймін. Этностильдегі бас киімдер мен аяқ киімдерді ұсынып отырмын. Барлығы жеке-жеке дайындалады. Кейбірі кестеленеді, кейбірі сырып тігіледі. Барлығы бұйымның күрделілігіне байланысты. Ою-өрнектердің негізгі үлгілері, әрине, классикалық. Бірақ үнемі өзімнен бір нәрсе қосып отырамын. Басқалардікін қайталағанды ұнатпаймын. Әр адамның өзіне ғана тән, ерекше бұйымы болғанын қалаймын.

Мерекелік кеш Қазақстан эстрадасының жұлдыздары өнер көрсеткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Танымал әншілер көрермендерге жарқын музыкалық нөмірлерін ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әртістердің өнері мен ерекше энергиясы алаңға жиналған жұртты бір арнаға тоғыстырды. Өңір басшысы да ауқымды мерекелік шараға қатысып, облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын айтулы датамен құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің Өскеменіміз, өскен еліміз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Алтайдың ең әдемі жері.алтын өңірі, еліміздің өнеркәсібінің күретамыры. Бастысы біздің туған қаламыз, Әрбір Өскеменнің жетістіктері ол біздің ортақ жеңістеріміз.Барылығыз Өскеменімізді күн сайын одан әрі көркейтуге,одан әрі жақсы жағынан көріне беруге бірлесіп жұмыс жасай берейік. 

Ал осындай әдемі Кештің қорытынды нүктесін мерекелік отшашу қойды.

Осылайша биылғы қала күні ерекше сән-салтанатпен өтіп, көпшіліктің көңілінен шықты. 

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу