Негізгі Жаңалықтар «Жыр арқауы – Өскемен» облыстық ақындар айтысы өтті

«Жыр арқауы – Өскемен» облыстық ақындар айтысы өтті

Айтыстың ел өміріндегі орны айрықша. Сөз сайысын сахна төріне шығару – ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, суырыпсалма ақындардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік береді. Биыл қала күніне арналған шаралар қатарында «Жыр арқауы-Өскемен» облыстық ақындар айтысының өткізілуі де осы өнерге деген қолдаудың артып келе жатқанын көрсетеді.

Өңірде айтыстың қайта қанат жаюына өткен жылдан бері қолға алынған жүйелі жұмыстар серпін беріп отыр. Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебінің ашылуы жас таланттардың сахнадан көрініп, аудан-ауданда сөз додаларын өткізуге сеп болған. Бұл бәсеке – осы бағыттағы алтыншы облыстық айтыс.

Серік Қуанған, айтыскер ақын:

Бұның қала үшін де, облыс үшін де маңызы өте жоғары. Өйткені Өскемен – Шығыс Қазақстан облысының болғандықтан, бұл руханият пен мәдениеттің де орталығы болуы керек. Сондықтан бұл айтыстың ұлттық руханияттың, қазақтың ақсүйек өнері дейміз, әрине айтыстың өтуі заңдылық. Халыққа жыр жәрмеңкесін сыйлау бағытында ұйымдастырылып жатыр. Былтыр Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебі ашылған. Соның ұйымдастыруымен және облыстық әкімдіктің, аудандағы әкімшіліктердің қолдауымен біз бұған дейін 5 ауданда айтыс өткіздік, облыстық айтыс. Оның сыртында 2 республикалық айтыс жасадық. Біреуі Катон-Қарағайда, біреуі Өскеменнің өзінде. Мынау осы облыстық айтыстан алтыншы айтыс. 

Айтыстың қайта жандануына ақындардың өзара ізденісімен қатар, өңірдегі руханиятқа көрсетілген қолдаудың да ықпалы зор. Ұлттық өнерді ұлықтаған мұндай шаралар ақындарға шығармашылық мүмкіндігін кеңейтіп, көрерменге төл өнердің тағылымын ұсынуға жол ашады.

Серік Құсанбаев, айтыскер ақын, ҚР мәдениет қайраткері:

Биыл қала әкімдігі өзіміздің төл өнеріміз – айтысты Қала күнінің концерттік бағдарламасына енгізіп, қаржылай көмек көрсетіп, осы айтысты ұйымдастырып отыр. Бұл енді не нәрсенің өзі қолдаушысы болмаса, салаластың қолы екеу дегендей, бұл жерде облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановқа өзімнің атымнан, ақындардың атынан, жалпы халықтың атынан алғысымды білдіргім келеді. Осындай айтыстарға мүмкіндік беріп, жол ашып, ақындарға, төл өнерімізге қолдау көрсетіп отырғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз. 

Ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге жас буынның да ықыласы зор. Бұл жолы тәжірибелі айтыскерлермен қатар, сахнада өзін қалыптастырып келе жатқан өнерпаздар да бақ сынады. Солардың бірі жас айтыскер ақын-Әли Ермекұлы. Әли үшін мұндай дода – шеберлікті шыңдап, үлкен сахнада ысылудың маңызды мүмкіндігі.

Әли Ермекұлы, айтыскер ақын:

Жалпы айтыс бойынша бір үлкен дәрежеге жетеміз десек, осындай үлкен алыптармен айтысып, тәжірибе жинау керек деген бір ұстаным бар ақындардың ішінде. Сондықтан біз олардың арасында жүріп, ағаларымызға еліктеп, үлгі алып жатырмыз. Нағыз айтыстың тәжірибесін, нағыз айтыстың үлгілерін енді-енді бойымызға сіңіріп келеміз.Сондықтан үлкен нәтиже шығарамыз деген ойдамын. 

Шығыстағы айтыстың биігін көтеруге бағытталған шаралар мұнымен тоқтамайды. Жыл соңына дейін өңірде өткен айтыстар сараланып, қараша айында қорытынды дода ұйымдастырылмақ. Онда жыл бойы өнер көрсеткен ақындардың арасынан үздік анықталып, «Жылдың үздік ақыны» атағы табысталмақ.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар