Негізгі Жаңалықтар Өскемен-1 теміржол вокзалы ашылды

Өскемен-1 теміржол вокзалы ашылды

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов өңірдегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды аралады. Сапар барысында аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысып, олардың әлеуметтік маңызына назар аударды. 

Облыс орталығындағы Өскемен-1 теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Жаңғыртылған нысанның ашылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің облыс бойынша 5 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. Оның төртеуі аудандарда бұған дейін қайта жөндеуден өтіп, іске қосылды. Өскеменде де вокзал қайта жөнделіп, қолданысқа беріліп жатыр. 

Жаңа вокзал заманауи қауіпсіздік талаптары, жолаушылар ағынын тиімді ұйымдастыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ескеріле отырып жобаланған. Мұнда инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон қайта жөнделді. Вокзал маңы абаттандырылды. Нысан тәулігіне екі мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достық бағыттарымен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы өтеді.

Абылдабек Сақалбаев, Өскемен қ. «Промтехмонтаж» басқармасы» ЖШС директоры:

Ескі мен жаңаның арасында бұрын 700 квадрат болған, ол ескі ғимарат 30-шы жылы салынған. Ал, қазіргі күнде 2400 квадратқа үлкейді. Ана мен баланың комнатасы үлкен, кассалар, жаңадан лифт істелініп жатыр. 

Жұмыс сапары барысында Нұрлан Жақыпов барған келесі нысан – облыстық Ана мен бала орталығы. Мұнда «Самұрық-Қазына» қоры медициналық мекемеге жаңа жабдық алуға сертификат табыстады. Жақын уақытта орталыққа жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған роботтандырылған нейрохирургиялық жүйе орнатылады. Заманауи құрылғы балалардың миы мен жүйке жүйесіне байланысты күрделі ауруларды емдеуге мүмкіндік береді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

 «Самұрық-Қазына» тобы қайырымдылық бағыты бойынша үш негізгі бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Оның ішінде спорт, инклюзия және медицина салалары бар. Медицина бағыты бойынша Самұрық-Қазына қоры Қазақстан бойынша жалпы 55 медициналық орталықты іске қосты. 2023 жылдан бері медицина саласына 850 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл жұмысты біз жүйелі түрде жалғастыратын боламыз. 
Ана мен бала орталығына Remebot RM-200 роботтандырылған нейрохирургиялық жүйесі орнатылады. Жасанды интеллект технологияларына негізделген бұл құрылғы өңірде ми және жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балаларға жоғары технологиялық операциялар жасауға мүмкіндік береді.

Нариман Айдарханов, облыстық Ана мен бала орталығының дәрігер-нейрохирургі:

Бұл – жаңа үлгідегі, үш технологиясы бірге жабдықталған аппарат. Қазақстандағы балалар ауруханаларында мұндай құрылғы алғаш рет қолданылғалы отыр. Ол инновациялық технологияларды енгізуге және мидың терең құрылымдарына дәл жетуге мүмкіндік береді. Яғни, қателеспей, емді нақты қажетті жерге жеткізуге көмектеседі. Бұл аппарат эпилепсия кезінде де қолданылады. Ол зақымдалған аймақты дәл анықтап, мидың басқа құрылымдарына зақым келтірмеуге мүмкіндік береді. 

Жабдық жеткізіліп, орнатылғаннан кейін Ана мен бала орталығының мамандары арнайы дайындықтан өтеді. Жаңа операция түрлері кезең-кезеңімен енгізілмек. Заманауи нейрохирургиялық жүйені жыл соңына дейін орнатып, толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бөлісу