Негізгі Жаңалықтар Салық заңнамасындағы өзгерістер

Салық заңнамасындағы өзгерістер

Облыс орталығында салық заңнамасындағы өзгерістерге арналған семинар өтті. Аталмыш шараға мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бизнес-қоғамдастық және салық төлеушілер қатысты. Кездесуде жаңа талаптарды тәжірибеде қолдану тәртібі мен кәсіпкерлер үшін маңызды мәселелер талқыланды.

Биылдан бастап салық саласына қатысты бірқатар жаңа норма қолданысқа енді. Кәсіпкерлер үшін есептілікті дұрыс жүргізу, салық міндеттемелерін орындау және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібіндегі өзгерістерді білу үлкен маңызға ие.

Саят Бимағамбетов, ШҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бизнес-қоғамдастық және салық төлеушілердің қатысуымен заңнамадағы өзекті мәселелерге арналған семинар өткізуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – заңнамадағы жаңа нормаларды түсіндіріп, оларды күнделікті қызмет барысында дұрыс қолдануға көмектесу. Біз кәсіпкерлердің қажетті түсіндірмелерді уақытылы алып, туындаған сұрақтарына жедел жауап алуына мүдделіміз. 

Жаңа талаптарды түсіндіруде кәсіпкерлердің практикалық сұрақтарына жауап беру де маңызды. Семинар барысында салық міндеттемелері және декларациялау тәртібіне қатысты мәселелер де қарастырылды. Қатысушылар үшін заңнамадағы өзгерістерді нақты мысалдар арқылы түсіну мүмкіндігі берілді.

Елена Березинская-Абилова, «Атамекен» ҰКП ШҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа заңнама күшіне енді. Сондықтан есептіліктегі кезеңдік өзгерістерді, жалпыға бірдей декларациялау тәртібін, салық міндеттемелерін орындау талаптарын және мемлекеттік қызметтерді алу мәселелерін өзектілендіру маңызды. Шығыс Қазақстан біздің кәсіпорындарымыздағы қаржылық менеджменттің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. 

Семинар барысында қатысушылар жаңа талаптар мен өзгерістер жөнінде ақпарат алып, оларды күнделікті жұмыста қолдану жолдарын талқылады. Мамандардың айтуынша, мұндай түсіндіру шаралары кәсіп иелерінің заңнамалық талаптарды дұрыс орындауына және жұмыс үдерісін тиімді ұйымдастыруына ықпал етеді.

Гүлшат Ықыласова, «APARU» компаниясының есепшісі:

Бүгін салық мәселелері жөніндегі семинарға келдім. Өте өзекті мәселелер осында өзімізге көп нәрселерді білдік. Білмеген нәрселеріміз көп екен. Олардың бәрін талдадық. Өте жақсы семинар болды. Осындай семинарлар ылғи да болғанын қалар едік. 

Жиында жалпыға бірдей декларациялау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Салық мамандары декларация тапсыруға міндетті азаматтарды белгіленген мерзімді өткізіп алмауға шақырады. Әсіресе заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары үшін бұл талаптарды уақытында орындау маңызды.

Әсет Мұқашев, ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы:

15 қыркүйек – декларация тапсырудың соңғы мерзімі. Біз мемлекеттік қызметкерлер бойынша бұл бағыттағы жұмыстарды аяқтадық. Жалпы, 2026 жылдың қаңтар айынан бері тиісті жұмыстардың барлығы дерлік 100 пайыз орындалды. Қазіргі таңда назарымыз заңды тұлға болып табылатын кәсіпорындардың басшылары мен құрылтайшыларына аударылып отыр. Сондықтан олар декларацияларын 15 қыркүйекке дейін уақытында тапсыруы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Осыған байланысты қалған уақыт ішінде ақпаратты біздің ақпараттық желілеріміз арқылы кеңінен таратуға үлкен өтініш білдіреміз. 

Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге жаңа талаптарды алдын ала зерделеп, міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындауды ескертеді. Мамандардың айтуынша, заңнамадағы өзгерістерді дұрыс қолдану үшін ресми ақпарат көздеріне жүгінген жөн.

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу