«Балалық шақ бояулары» фестивалі өтті
Облыс орталығында балаларды шығармашылыққа, достыққа үндейтін «Балалық шақ бояулары» қайырымдылық фестивалі өтті. Шара барысында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі ойындарға қатысты. Толығырақ сюжеттен көрейік.
Фестивальдің мақсаты – балаларға қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беру. Шара барысында бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі ойындар мен шығармашылық сайыстарға белсене қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдық орта да өзін қалыптастыруға ықпал етеді.
Азамат Сайлаубаев, әнші:
Конуерт күшті болып жатыр, барша өскемендіктерді қала күнімен құттықтаймын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, өскеменіміз жайнай берсін.
«Балалық шақ бояулары» фестивалі алғаш рет 2023 жылы шағын аула шарасы ретінде басталған. 2024 жылы жоба қаланың ашық алаңдарында өтіп, аясы кеңейді. Бүгінде бірнеше жыл ішінде жүздеген өнерпаз бен көрерменді біріктірген ауқымды әлеуметтік бастамаға айналып отыр. Жобаның ұйымдастырушысы – Евгений Курлыкин.
Евгений Курлыкин, шараны ұйымдастырушы:
Өз уақытымыз бен күш-жігерімізді жұмсап, балаларға қуаныш сыйлауға тырысамыз. Бүгінгі концертіміз ерекше балаларға арналған. Оларға сахнаға шығып, өнерлерін көрсетуге және өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға көмектесеміз.
Фестивальдің тағы бір маңызы - ерекше қажеттіліктері бар балаларды шығармашылық ортаға тарту. Мұнда бүлдіршіндер музыкалық аспаптармен танысып, өз қабілеттерін көпшілікке көрсетті.
Наталья Пожелаева, өнерпаз:
Біз бұл жобаға бір жарым жыл бұрын қосылдық. Шара жыл сайын жоғары деңгейде өтеді. Осындай шаралар арқылы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, өзіміз де қуанамыз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль алдағы уақытта да жалғасын тауып, балалардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін дәстүрлі шараға айналмақ.
Бекарыс Әмірбек