Негізгі Жаңалықтар «Торпедо» жаңа маусымға дайын

«Торпедо» жаңа маусымға дайын

Борис Александров атындағы Спорт сарайында «Торпедо» хоккей клубының баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында клуб басшылығы мен бапкерлер штабы Қазақстан кубогындағы жеңісті қорытындылап, алдағы маусымға арналған жоспарларымен бөлісті. Еске салайық, жуырда өскемендік хоккейшілер ел кубогын сегізінші рет иеленіп, жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантты.

Қарағандыдағы шешуші кездесуде «Торпедо» «Сарыарқаға» еш мүмкіндік қалдырмады. Бас бапкер Алексей Ждахиннің айтуынша, жеңіске жету маңызды болғанымен, команданың алға ілгерілеуі мен ойыншылардың кәсіби тұрғыдан өсуі одан да маңызды. Сондықтан жаттығуды күшейтіп, тыңғылықты дайындық талап етіледі.

Алексей Ждахин, «Торпедо» ХК бас жаттықтырушысы:

Хоккейші өзін толық қалыптастым, бәрін білемін деп ойламауы керек. Үйренудің шегі жоқ. Біз де ойыншылардан көп нәрсе аламыз, олар да біздің тәжірибемізден үйренеді. Осындай өзара түсіністік пен ортақ мақсат нәтиже әкеледі. Жанкүйерлердің қолдауы біз үшін аса маңызды. Баршаңызды 2 қыркүйекте «Алматыға» қарсы өтетін матчқа шақырамын. Бұл жолы ойынның сипаты өзгеше болады. Қарсылас та дайындалып келеді, сондықтан тартысты кездесу күтіп тұр.

Жаңа маусымда клуб алдына нақты міндет қойылған. Өскемендік ұжым Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесі үшін таласқа түседі. Ұзақ мерзімді мақсаттың бірі – Жоғары хоккей лигасына қайта оралу. Бұл жолда клубқа тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан серіктестердің үлесі зор. Солардың бірі – «Қазцинк» компаниясы. Кәсіпорын команданың жоғары деңгейде дайындалуына және бәсекеге қабілетті құрам қалыптастыруға қолдау білдіріп келеді.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Көпшілікті қызықтырған басты мәселе – команданың алдағы мақсаты. Бұл сұраққа нақты жауап берілді. Біз «Торпедодан» чемпиондықты күтеміз. Өйткені мұны қала тұрғындары талай жылдан бері аңсап келеді. Ал Жоғары хоккей лигасына оралу мәселесіне келсек, команда ел біріншілігінде көшбастап келеді. Бүгінде өңірде «Қазцинк» қолдау көрсетпейтін бұқаралық спорт түрін атау қиын. Компания мүмкіндігінше спорттың әр бағытының дамуына үлес қоса бермек.

Өңірдің спорт қауымдастығы да алдағы маусымға үлкен үміт артып отыр. Мамандардың пікірінше, команданың жоғары нәтиже көрсетуіне барлық мүмкіндік бар. Тәжірибелі бапкерлер құрамы, сақадай сай жасақталған ұжым соның дәлелі. 

Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Қазақстан кубогындағы жеңіс кездейсоқ нәтиже емес. Команда екінші жыл қатарынан өзінің әлеуетін дәлелдеп келеді. Бізде білікті бапкерлер штабы, мықты құрам және спорттың дамуына жанашыр серіктестер бар. Сондықтан алдағы чемпионаттан күтер үмітіміз жоғары.

Чемпионаттағы алғашқы ойынын «Торпедо» 2 қыркүйекте «Алматы» командасына қарсы өткізеді. 

Нүртас Қайролдаев

Бөлісу