Қайнарлы ауылында жаңа мектеп ашылды
Марқакөл ауданына қарасты Қайнарлы ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Елу оқушыға арналған білім ошағында шағын орталық та жұмыс істейді. Заманауи мектептің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев қатысты.
Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған жаңа мектеп Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен бой көтерді. Білім ошағы қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Ренат Құрмамбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл балаларымыздың білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік. Еліміздің болашағына салынған маңызды инвестиция. Осы мектептің табалдырығын аттаған әр бала білімді, еңбекқор, елжанды азамат болып өссін. Ал ұстаздарға өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі маңызды әрі жауапты еңбектеріне табыс тілеймін.
Құрылыс жұмыстары небәрі бір жылда аяқталды. Мердігерлердің айтуынша, жобаны қысқа мерзімде жүзеге асыруға мамандар мен ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегі ықпал еткен.
Бақытжан Мыңғалиев, учаске бастығы:
Былтыр көктемде, мамыр айында бастағанбыз. Біраз еңбек сіңді бұл жерге. Ауыл тұрғындарына, азаматтарына және мектеп ұжымына рахметімді айтқым келеді. Сол кісілердің қолдауы мектептің бітіуіне үлестерін қосты.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кең әрі жарық сыныптар оқушылардың жайлы білім алуына жағдай жасайды. Мұнда үлкен спорт және акт залдары, асхана, душ кабиналары мен санитарлық тораптар да қарастырылған.
Қарлығаш Алинова, Қайнарлы орта мектебінің директоры:
Бүгін бізде үлкен қуаныш. Тағы бір біздің балалардың қуанышы – үлкен спортзал салынды. Яғни, енді балалар спорт-спорт деп спортпен айналысатын болады.
Нұрайым Тұрсынғалиева, мектеп оқушысы:
Көп-көп рахмет! Ағайларға көп рахмет! Бірінші сыныпқа барамын.
Бұған дейін Игілік ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Ал жыл соңына дейін Төсқайың ауылында тағы бір білім ошағын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар шекаралық аумақтардағы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Фатима Тілейханқызы