Негізгі Жаңалықтар Жаңа мектеп ашылды

Жаңа мектеп ашылды

Самар ауылында 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жаңа бастауыш мектеп ғимараты ашылды. Білім күніне орай пайдалануға берілген Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп 150 оқушыға арналған. Заманауи талаптарға сай білім ордасында балаларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. 

Жаңа білім ошағы облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3,8 мың шаршы метрге жуық. Мұнда заманауи оқу кабинеттері, спорт залы, кітапхана мен асхана қарастырылған. Сондай-ақ логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы бар.

Алена Раева, ауыл тұрғыны:

Бұл сәтті біз ұзақ күттік. Бүгінгі күн біз үшін үлкен мереке десек те болады. Жаңа мектебіміз өте әдемі, заманауи болып шықты.Оқушыларға керектің барлығымен қамтамасыз етілген. Бұл мектеп, жаңа оқу жылына балалар үшін біз сияқты ата-аналар үшін де үлкен сыйлық болды. 

Биыл Самар ауданында 172 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 14-і Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Жаңа ғимараттағы алғашқы қоңырау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев, Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов, ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Ренат Құрмамбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Жаңа білім ордасының ашылуы – болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Себебі сапалы білім беру үшін білікті ұстазбен қатар, балаларға замануи, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау аса мыңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауды басты міндеттердің бірі ретінде айқындап отыр. 

Әсіресе, жаңа мектепке алғаш келген бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн ерекше есте қалды. Мерекелік шара барысында төртінші сынып оқушылары бүлдіршіндерге сыйлықтар табыстады. Салтанатты жиын алғашқы қоңыраумен жалғасты. Одан кейін оқушылар алғашқы сабақтарына кірісті. Биылғы оқу жылындағы алғашқы сабақ «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зияткер ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды.

Айсұлтан Дәулетов, мектеп оқушысы:

Мектеп өте әдемі, әрі үлкен. Тіпті футбол алаңы бар. Мектептің ішін аралап көрдім, кабинеттер де әдемі. Жаңа мектеп қабырғасында жақсы оқуға тырысамын. 

Жаңа мектеп енді ауыл балалары үшін сапалы білім алып, жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін заманауи әрі жайлы ортаға айналмақ.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу