Негізгі Жаңалықтар Қаржылық қауіпсіздік

Қаржылық қауіпсіздік

Өскеменде тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға арналған «Құқықтық диалог – қаржылық қауіпсіздіктің кепілі» атты кездесу өтті. Басқосуда интернет кеңістігіндегі алаяқтық қатерлері, жеке деректерді қорғау тетіктері және күмәнді әрекеттерді дер кезінде анықтаудың маңызы сөз болды.

Цифрлық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың да айласы күрделеніп келеді. Бейтаныс сілтемелерге өту, құпия мәліметтерді үшінші тұлғаларға беру немесе жалған ұсыныстарға сену – азаматтарды қаржылық шығынға ұрындырып қана қоймай, олардың деректерінің заңсыз мақсатта пайдаланылуына жол ашуы мүмкін. Сондықтан мамандар интернеттегі әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарап, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Руфит Ахмедзянов, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры:

Бүгінгі кездесудің мақсаты – тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық сауаттылықтың негізгі қағидаларын түсіндіру. Қазіргі таңда алаяқтар түрлі тәсілдерді қолданып, азаматтарды оңай олжаға айналдыруға тырысады. Сондықтан әр адам интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстардан сақ болуы қажет.

Көпшілік қауіптің қайдан келетінін аңғармай жатады. Қоғамдық орында қараусыз қалған телефон немесе қорғалмаған тегін Wi-Fi желісі арқылы да жеке мәліметтердің сыртқа шығу қаупі бар. Мұндай жағдайда құрылғыдағы ақпарат бөтен адамның қолына өтіп кетуі мүмкін.

Жандос Мұзтауов, ҚР ҚМА превенция және аналитикалық әзірлемелер басқармасы басшысының орынбасары:

Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау саласы өкілдерінің және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Негізгі міндет – цифрлық дәуірдегі қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттырып, алаяқтық схемалардың алдын алу. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары халықтың қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, киберкеңістіктегі қауіп-қатерден қорғанудың ең тиімді жолы – ақпаратты саралай білу мен сақтық қағидаларын ұстану. Осындай түсіндіру кездесулері азаматтардың құқықтық танымын кеңейтіп, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу