Негізгі Жаңалықтар Туризмді дамыту

Туризмді дамыту

Риддер Қазақстандағы таулы туризмнің негізгі орталықтарының біріне айналуы тиіс. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала тұрғындарымен есептік кездесуде осындай міндет қойды. Бүгінде Риддерде туристерді қабылдайтын 42 нысан жұмыс істейді. Ал жылдың алғашқы тоқсанында қалаға 11 мың адам келген. Ендігі мақсат – тек қысқы демалысты дамытып қана қоймай, туристік маусымды жыл бойына жалғастыру.

Риддердің басты артықшылығы – асқар таулары, қысы ұзақ әрі қары қалың климаты. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, туризмді қаланың тұрақты экономикалық саласына айналдыру. Бұл ретте туристерге көрсетілетін қызмет түрлері мен инфрақұрылым да біртіндеп дамып келеді.

Биыл мұнда «Ridder Inn» қонақ үй кешені мен мейрамханасы жұмысын бастады. Өңір басшысының айтуынша, жобаға 750 миллион теңге инвестиция салынған. Сонымен қатар «Ridder Resort Hotel» қонақ үйі мен «Эдельвейс» кешенін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Аймақ үшін ең перспективалы жобалардың бірі – Иванов жотасында жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы курортын салу. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Туристерге көрсетілетін қызмет сапасы мен қажетті ақпараттың қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Қалада Туризм және инвестициялар орталығы құрылды. Келесі қадам – заманауи туристік визит-орталық қалыптастыру. Негізгі мақсат – қонақтардың Риддерге бірнеше сағатқа ғана емес, бірнеше күнге келіп, демалуына жағдай жасау.

Риддердің экономикалық әлеуетін арттыратын тағы бір бағыт – ауыл шаруашылығы. Өңір басшысы бұл салада өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өндірілген өнімді қаланың өзінде өңдеудің маңыздылығын атап өтті. Яғни шикізатты дайын өнімге айналдыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнестің кірісін арттыруға мүмкіндік бар. Ал мал шаруашылығын дамытуға жайылым жерлерінің тапшылығы әсер етіп отыр. Қазіргі мал басын толық қамтамасыз ету үшін тағы 3,5 мың гектарға жуық жайылым қажет. Мәселені шешудің бір жолы – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта айналымға енгізу және мал азығы базасын күшейту.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Риддер қаласының әкіміне жауапты басқармалармен бірлесіп, 2026-2030 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді және жайылым тапшылығын азайту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын.Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесіп, жергілікті шикізат көлемін арттырып, өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу арналарын кеңейту қажет.

Бұдан бөлек, Риддерде жылыту маусымына дайындыққа ерекше көңіл бөлінуде. Биыл қалада ЖЭО-сы мен жылу желілерін жөндеуге 2,6 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 3,3 шақырымды құрайтын жылу желілерінің 12 учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аяулым Усинова 

Бөлісу