Негізгі Жаңалықтар Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық азамат отан алдындағы борышын өтейді. Олардың 12 мыңнан астамы Қарулы күштер, 7 мыңы Ұлттық ұлан, 3 мыңы Шекара қызметі, тағы 400-ден астамы Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарын толықтырады.

Биыл өңірден Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен өзге де әскери құралымдарға шамамен 700 азамат жіберу жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қазбек Ахметов мәлімдеді.

Қазбек Ахметов, ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары:

Жас жігіттерді әскерге шақыру туралы хабарлама қағаз түріндегі шақыру қағаздары және SMS арқылы жіберіледі. Әскери қызмет – әрбір жас азаматтың заңмен белгіленген міндеті. Әскери қызметтен жалтарған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Әскерге шақырылатын азаматтар медициналық тексеруден өтіп, олардың денсаулық жағдайы мен әскери қызметке жарамдылығы анықталады. Бұдан кейін әскер түрлеріне сәйкес іріктеу жүргізіледі. 

Ғани Алдабергенұлы, Өскемен қаласы бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:

Бұл жұмыс қыркүйек айының бірінен бастап, 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Шекара қызметі, Қарулы күштері, Ұлттық ұлан , ҰҚК Шекара қызметіне, Төтенше жағдай министрлігіне берілген талап тапсырамалар бойынша Шығыс Қазақстан облысынан 700 ге жуық шақырылушы аттануы жоспарлануда. 

Әскери есеп жүргізу жүйесі де цифрлық форматқа көшіп жатыр. Соның арқасында қажетті ақпаратты алып, бірқатар мемлекеттік қызметті қашықтан рәсімдеуге болады. Мәселен, әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату туралы өтініш eGov.kz порталы арқылы қабылданады. Барлық мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

Рафик Симбинов, ШҚО жұмылдыру даярлығы және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметінің басшысы:

Әскерге шақырылушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Олар мұқият медициналық тексеруден өтеді. Жинақтау пунктінде шақырылушылар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оларды теміржол вокзалына жеткізу үшін арнайы көлік ұйымдастырылған.

Қорғаныс істері жөніндегі департамент шақыру мәселесін ақылы түрде шешуге уәде беретін делдалдарға сенбеуге шақырады. Әскери қызметтен жалтарған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.Тиісті рәсімдерден өткен азаматтар ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдардың бөлімдеріне жіберіледі.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу