Зәки Ахметов Ұлан ауданында дүниеге келген. «Қазақ әдебиетінің қазіргі заманда дамуы және дәстүрлері» кітабы үшін Қазақ Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Абай мұрасын зерттеу және жарыққа шығару жұмыстарында жеткен табыстары үшін де мемлекеттік сыйлық иегері атанды. Өмірін ғылыммен ұштастырған академик университет ғалымдарымен үнемі байланыста болды.

ЕРЕЖЕП МӘМБЕТҚАЗИЕВ, ПРОФЕССОР, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ:

«Зәки Ахметов университет ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Сол байланысы әлі үзілген жоқ. Оған дәлел бүгінгі конференцияның өтуі. Оның ғылыми жұмыстарына тоқталсақ, қазіргі заман талабына сай еңбектерін ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Бұл «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуына ықпал етіп отыр».

«Рухани жаңғыру: ғылыми мұра және ұлттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алғандар Зәки Ахметов еңбектерінің маңыздылығына тоқталып, өмір жолын еске алды.

МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТОВ, ПРОФЕССОР, «АБАЙТАНУ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

«Ғылыми кеңес өтіп жатыр, 89 жыл еді. Мен сол кітап жазып, қолым тимей, диссертацияны тастаған едім. Мені қуалап жүріп осы Зәкидің өзі алып келді «енді қорғау керек» деп, «Қалай қорғаймын? - Сен кітабыңа қорғайтын болдың ғой, қорға» деп, сол қорғатты. Сонда үлкен айтыстар болды. Түрлі пікірлер болды».

Конференция барысында «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекемтас Мырзахметов Абай Құнанбаев атындағы алтын төсбелгімен марапатталды.

Конференция аясында бірнеше секциялық отырыстар өткізіліп, Зәки Ахметовтің еңбектері жөнінде дәріс оқылды. Ғалымның рухани құндылықтары өскелең ұрпаққа дәріптелді.

 

ДӘУЛЕТ БАҚЫТБЕКҰЛЫ