Археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан Күршім жоталары оңтүстік-батыс Алтайдың бір сілемі. Мұндағы зерттеу жұмыстары 2012 жылы басталған. Содан бері табылған тың ескерткіштер мен деректер 4 монографиялық еңбекке арқау болыпты. Алматыдан экспедицияны бастап келген тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ғани Қалиқанұлы Омаров 30 жыл ғұмырын далалық қазба жұмыстарына арнаған. Археолог «биыл да олжалы қайтамыз» дейді.
ҒАНИ ОМАРОВ, АРХЕОЛОГ:
«Бұл жерде біз тек қана қазба жұмыстарын ғана емес, сонымен археологиялық барлау жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 30-ға тарта тың ескерткіштер ашылды. Соның ішінде археологтарға көп кездесе бермейтін, табыла бермейтін көптеген қоныстардың орындары ашылып жатыр. Соның ішінде неолит дәуірінен басталатын қоныстар және соңғысы сақ кезеңімен аяқталады».
Сонымен қатар қола кезеңі, темір дәуірінің қорған-қоршаулары, петроглифтер табылып жатыр. Бүгінге дейін 3 оба қазылды. Экспедициялық топтың мақсаты - оңтүстік-батыс Алтайдың көне тарихын бір ізге түсіріп, тек ғылыми айналымға емес, қалың көпшілікке ұсыну.
ҒАНИ ОМАРОВ, АРХЕОЛОГ:
«Осыдан бірнеше жыл бұрын осы жерден алыс емес жерде Қабырғатал дейтін жерде түркі жазуы шыққан болатын тастағы. Жазулар түркі кезеңіндегі сына, руника жазулары өте сирек кезеді. Оны арнайы мамандарға оқытқан кезде «Менің атым - Ер Тағран», яғни «Батыр Тағран» деген сөзді оқып шықтық. Яғни, ол жазуларменен қазіргі мына біздің тұрған қорғандарымыздағы адамдардың сол уақытта бірге өмір сүргендігі анықталып отыр».
Мамандардың айтуынша, зерттеу жұмысына қолбайлау болатыны – тонаушылық. Соңғы кездері шығыста қабір тонаушылар көбейіп кеткен. Қазір ашылып жатқан обалардың біразын алтын іздеушілер оңды-солды қазып тастаған. Алайда, аздаған іліктің өзін сөйлетуге тырысамыз дейді археологтар. Мәселен, бірнеше күн бұрын ғана тазаланған мына қорымнан маңызды тарихи бұйымдар шықты. Археологтар «оба қимақ дәуіріне тән» дейді. Жерлеу рәсімінің сипатына қарап, 9-11 ғасыр аралығы болуы мүмкін деген болжам бар.
БАУЫРЖАН БЕЙСЕТАЕВ, АРХЕОЛОГ:
«Бұл қола дәуірінен бері қарай келе жатқан жылқымен жерлеу. Асына жылқы арнау деген сияқты. Бұл жерлеуде алдарыңызда көріп тұрсыздар, тас жәшіктің қасында жылқыны қойып, бірге қосып жерлеген».
МЕРУЕРТ РАСУЛОВА, ТІЛШІ:
«Қорымның дәл ортасындағы тас жәшіктен әйелге әшекейлер табылды. Атап айтсақ, білезік, сырғалар мына жәшіктің ішінен шыққан. Осыған байланысты археолог мамандар бұл жерде әйел заты жерленген және жанына жылқы малы қоса жерленген деген болжам жасап отыр».
МЕРУЕРТ РАСУЛОВА