Шығыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Семей қаласында «Үш бәйтерек: тағдыр мен тағылым» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шара алаш қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналды. Басқосудың мақсаты – қазақтың «үш бәйтерегі» атанған қайраткерлердің ұлттық әдебиетті дамытудағы еңбектерін одан әрі насихаттау әрі латыннегізді жаңа әліпбидің маңызын түсіндіру. Конференцияға ғалымдар, зиялы қауым, мекемелер өкілдері  мен студент-жастар қатысты. Конференцияның пленарлық мәжілісінде қазақ әдебиетіндегі алаш идеясы, үш бәйтеректің тұлға ретінде қалыптасуы сөз болды. Оқырман әлеміне кеңінен таныс шығармалар тілінің әдеби-теориялық негіздері талқыланды. Ғылыми-тәжірибелік  конференцияда қатысушылар «Үш бәйтерек-үш ғұмыр», «Ұлт руханияты және қазақ әліпбиі» атты екі секцияға бөлініп, жұмыс істеді.