Күн жылынып, көктем келіп, табиғат жандана бастайды. Осындай мезгілде түрлі жұқпалы ауруларды тарататын жәндіктер де көбейеді. Соның ішінде адам өміріне қауіп төндіретін кішкентай өрмекші тектес кенелерге де жан бітеді. Олардың ең белсенді уақыты сәуір, мамыр, әсіресе маусым айлары. Ал қыркүйекте кенелердің екінші өмірі басталады. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое, Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Көкпектідегі Самар аумағы, Риддер мен Өскемен қалаларының маңы кене энцефалиті кең  тараған қауіпті аймақтардың қатарында. Биыл қыстың жылы болуы мен қардың көп болуы кенелердің қыстауына қолайлы жағдай туғызды. Сондай-ақ, көктемнің ерте шығуы кенелердің саны мен белсенділігінің артуына ықпал етті. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда, биыл кене шаққандардың көрсеткіші 6,7 %-ға артқан. Эпидемиологиялық маусымның басынан Өскемен қаласы мен Катонқарағай аудандарында кене энцефалитінің 2 расталған жағдайы тіркелген. Күн жылынған кезде табиғат аясына демалысқа баратындар саны артады. Осы кезеңде қыс бойы ашыққан кенелер күн жылына қорек іздеп, адамдарға қауіп төндіреді. Мамандар ауырып ем іздеудің кебін кигенше, алдын-алу шараларын жүргізу қауіпті дерттен сақтайтындығын ескертеді. Аурудың алғашқы белгілерінің бірі – адам денесі қалтырап, қызуы 37-ден 39 градусқа дейін көтерліп, әлсіздікті сезінеді. Сондай-ақ,  ұйқы басып, тәбеті күрт төмендейді.