Тарбағатай ауданында қатты жаңбыр салдарынан тұрғын үйлер су астында қалды. 19 шілде күні жауған нөсер жауынның кеселінен таудың сай-саласынан аққан сел ауылдың қасындағы "Терісайырық" каналына құйылды. Арнадан асқан су ауылды шайып кеткен. Төтенше жағдай қызметінің мамандары су деңгейінің 20 см-ге дейін жеткенін мәлімдеді. Бірнеше жеке меншік үйлерге, аулаларға, шаруашылық нысандарына су кірген. Табиғаттың тосын мінезі жайлы аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов фейсбуктегі ресми парақшасында мәлімдеді. Ауданның өрт сөндіру қызметінің мамандары мотопомпаның көмегімен барлығы 7000 текше метр су сорған. Қазіргі уақытта үйден су кетті. Материалдық шығынды арнайы құрылған комиссия есептейді.