Алтайдағы айрықша ауыл. Бұл ауылдың үлкендерін қойып, балаларына дейін бие сауып, қымыз піседі. Тілшіміз тарқатсын.  Әйгілі жазушы Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түн» әңгімесі естеріңізде шығар. «Қыстың ұза-а-ақ кеші» деп басталушы еді ғой. Бұл сол әңгімедегі Өрнек ауылы. Арайдың ауылы. Бұл ауыл өзгеше ауыл. Өзгешелігі сол, Өрнектің тұрғындары шетінен жылқы құмар. Ат десе ішкен астарын жерге қояды. Жылдамдығына көз ілеспей, күрпілдетіп бие сауып отырған бұл сабазыңыз Өрнек ауылының 10 сынып оқушысы Ақжан Мұхтарбеков. Ол 6 сыныптан бері бие сауатынын айтады. Міне, өздеріңіз байқап отырғандарыңыздай бұл ауылдың еңкейген қариясынан еңбектеген балаларына дейін жылқы құмар.  Көрмейсіз бе, мына бүлдіршіннің өзінен қолындағы шелегі үлкен болса да бие сауғысы келіп ұмтылып жүргенін.  Ал Ақжан қазір уақытша бие саууды қойғанын жеткізді. Сөздің орайы келгенде айта кетейік, былтыр облысымызда тұңғыш рет 130 және 140 шақырымдық ат бәйгесі ұйымдастырылғанда осы Өрнектің жүйрігі екі мәрте топ жарған-ды. Иә, Өрнек осындай өзгеше ауыл.