«Құс өсір, пайдасы оның көл-көсір». Ұлан ауданы Герасимовка ауылының тұрғыны үйінде ерекше тұқымды үй құстарын асырап, отбасына жетерлік пайдасын тауып отыр. Ауылдық жерлердің қай ауласында болсын тауық, қаз-үйректерді кездестіруге болады. Алайда, шаруаның есік алдындағы тауықтары түрлі-түсті жұмыртқалар табады. Осы өзгешелігімен де олардың балапандары, жұмыртқалары жоғары сұранысқа ие көрінеді. Бұл солтүстікамерикалықтардың «амераукана» деп аталатын тауық тұқымы. Өзге үй құстарынан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, бұл құстардың тапқан жұмыртқасы көпшіліктің көзі үйренгендей-ақ, қоңырқай емес жасыл, көгілдір, күлгін түстес. Қуан Советханның бұл шаруамен айналысқанына 7 жылдан асқан. Қазір үйінде 70-тен аса құсы бар. Ең алғаш рет амераукананың жұмыртқаларын арнайы Алматыдан алдыртып, үйінде инкубаторға салып балапандарын шығарған. «Күтімінде еш қиындық жоқ, өзге үй құстарына берген қорек бұларға да беріледі» дейді шаруа. Түрлі жұмыртқа басатын тауықтар жергілікті өңірге де әбден бейімделіпті. Кейбір зерттеушілер мұндай тұқымның кәдімгі ақ түсті жұмыртқаларға қарағанда ақуызға аса бай, дәруменге толы екенін айтады. Содан болар, Қуан Советханның тауық қорасындағы балапандар мен жұмыртқаларға Семей, Алматы сияқты алыс өңірлерден де тапсырыс көп түседі. Көршісі Нариман Хамитов те осы шаруаға қызығып, қаздар мен америкауна тұқымының арғы атасы саналатын «араукана» тауықтарын ұстайды. Кішігірім шаруашылық болса да, кірісі жаман емес. Шын еңбектің жемісі тәтті болғанмен, бейнеті де бар. Ал ғасырлар бойы негізгі күн көрісі малмен байланысты болған қазақ халқы үшін құс өсіру шыны керек, тың шаруашылықтың бірі. Дегенмен, азаматтар маңдай тердің арқасында осы істі де дөңгелетіп отыр.