2020 жылдан бері Егов.Кз сайтында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс жасауда. Оның басты артықшылығы мүгедектігі бар адамдар керекті құрал-жабдықтарына үйден шықпай, электронды түрде тапсырыс бере алады. Әлеуметтік қызмет порталы мүгедектігі бар адамдарды оңалту үшін қажетті құралдарды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Дәлірек айтқанда, ол протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар мен арбаларды, сондай-ақ, шипажай қызметтерін ұсынуды қамтиды. Көмек түрлері қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының ақпаратына сүйенсек жыл басынан бері Семей өңірі бойынша мүмкіндігі шектеулі 2 800-ден астам адам порталдың көмегіне жүгінген. Солардың бірі - Эльмира Серғазиева, мүгедектігі бар баласына гигиеналық құралдар алу үшін порталды пайдаланатынын айтады. Бұрындары оған тапсырыс беру үшін ұзын-сонар кезекке тұруға тура келсе, бүгінде қас қағым сәтте қажетті затты алуға өтініш қалдыруға болады. Ресми ақпарат бойынша осы жылдың басынан бастап ел көлемінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 20 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын алса, 5 200-і – ымдау тілі қызметін пайдаланған. 28 мың адам жеке көмекшінің қызметін, 2 800 адам – санаторилік-курорттық емдеуді алған.