Аймақта су тасқынына дайындық шаралары қарқынды. Өңірде су тасқыны қаупі бар 71 елдімекен анықталған. Алайда, нәтижелі жұмыстың арқасында 16 елдімекенде су басу қаупі толығымен жойылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Арман Наурызбаев мәлімдеді.

Өңір бойынша су тасқынына қарсы жұмысқа үш мыңнан астам қызметкер, 556 бірлік техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, 75 жүзу құралы мен 234 мотопомпа да сақадай сай. Су тасқыны жағдайы күрделене түссе күштер мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы әзір. «Қазгидромет» мамандарының сөзінше, облыстың жазық аумақтарының басым бөлігінде суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары.

Шынар Базарова, «Қазгидромет» ШЖҚ РМК – ның Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалының бөлім басшысы:

Қазіргі уақытта су қоры жиналуының көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болуы байқалған. Бұл Шемонаиха ауданында, нақты көрсеткіш 170 мм құрайды. Болмаса 23 мл бұл өткен жылғы көрсеткіштен 50 мм жоғары болып тұр. Үлкен Нарын аудандары 86 мм нормасы 60 мм өткен жылғы көрсеткішке жуық болып табылады.

Мамандар биылғы қыс қарлы болғанын айтады. Ал, ақпан мен наурыз айы жауын – шашынға толы. Сондықтан облыс су тасқыны қаупі жоғары аймақ ретінде тіркелген.

Арман Наурызбаев, ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:

Зардап шеккендерге шұғыл мед.көмек көрсету мақсатында Өскемен – Семей автожолында, Ұлан ауданы Привольный ауылында орналасқан мед.құтқару пункті әзір. ТЖ кезінде зардап шеккен халықты орналастыру үшін қала және аудан әкімдіктері жалпы сыйымдығы 21 мыңнан астам адам қамтитын пункті дайындалды.

Ал төтенше жағдай туындағанда «Mass Alert» халықты хабарландыру жүйесі іске қосылады.

Гүлдана Айдарқызы