Жаңа Конституция жобасы кемел келешекке бағдарланған маңызды құжат. Тарихи бастаманың барысы күні кеше облыс орталығында өткен жиында жан – жақты талқыланды. Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, депутаттар мен белсенді азаматтар қатысты. Мақсат – жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіріп, пікір алмасу.

Жиында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын жан – жақты саралады. Жаңартулар аясында адам құқықтары мен бостандықтарының мәртебесіне айрықша назар аударылуда. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділеттілік қағидатын бекіту – құқықтық мемлекетті дамытудың негізгі шарттарының бірі. Бұл өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға бағытталған.

Гүлмира Байркенова, заң ғылымдарының кандидаты:

Жаңа конституция жобаның негізгі идеясы мемлекет үшін ең қымбат нәрсе өндіріс көлемі немесе пайда емес адамның өзі. Ол бірінші баптың бірінші тармағында бекітілген. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі. Құқықтары мен бостандықтары. Жобада әркімнің еңбек етуге, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге еңбек үшін кемсітусіз Конституциялық деңгейде бекітіледі.

Конституциялық түзетулерде ұлттық құндылықтар мен мемлекеттіліктің негіздері де айқындалады. Қоғамдық келісім мен бірлік басты басымдық ретінде қарастырылады. Бұл – тұрақтылық пен дамудың өзара сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:

Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей бүгінгі кезең еліміздің болашақ дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Қабылданатын шешімдер Қазақстанның ұзақ мерзімді бағытын айқындайды. Конституциялық реформа президенттің бір палаталы парламент құру бастамасы аясында қолға алынды. Біз өз тарапымыздан қалалық актив ретінде мемлекеттің дамуына қатысты өзекті мәселелерге үн қосу үшін жиналып отырмыз.

Қалалық активке қатысушылар мұндай қоғамдық талқылаудың маңызды екенін айтады. Аталмыш кездесулер негізгі заңдағы басты өзгерістерді түсіндіріп, өңір тұрғындарына ақпарат беруде сеп.

Гүлдана Айдарқызы