Шығыс жерінен тағы да тарихи жәдігерлер табылды. Тарбағатай ауданындағы Елеке Сазы қорғанынан археологтар ежелгі түркі дәуірінің бірегей алтын артефактілерін тапты. Зерттеушілер осынау олжаны тарихи жаңалыққа балап отыр. Сондай-ақ, осы жылдың мамыр айынан бастап "Алтай-Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырларға дейін" жобасы аясында белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Ұлан ауданының Ақбауыр кешенінде зерттеу жұмыстары басталды. Бұл аумақтың да әлі талай жаңалыққа жол ашарына мамандар сенімді. «Елеке Сазы» қорғанында қағандардың тәждеріне бейнелеген бірегей алтын артефактілер табылды. Мұндағы қазба жұмыстары кезінде көне ғибадатхана орны анықталған болатын. Белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған зерттеушілер тобы бүгінге дейін археологиялық қазба жұмыстары кезінде мұндай көне жәдігерлерді ешкім кездестірмеген,- дейді. Сол себепті, мамандар мұны әлемдік жаңалыққа балап отыр. Қоржынбай тауының етегіндегі елді мекендердің тұтас желісі бір хронологиялық кезеңге, яғни ерте темір дәуірінің басына жатқызылады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов артефактілермен танысып, сол кездердің өзінде металл өңдеудің бірегей технологиялары болғанын және мұндай жаңалық ата-бабаларымыздың мәдениеті туралы түсініктерді кеңейтетінін жеткізді. Ал Ұлан ауданындағы Ақбауыр археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстарында 5 топ жұмыс істеп жатыр. Құрамында 94 адам, оның 33-і студент. Сондай-ақ, кешен аумағында далалық зертхана құрылды. Бұл табылған археологиялық материалдарды сол жерде өңдеуге мүмкіндік береді.