Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Қазақавтожол» ЖШС-нің өкілдерімен және облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлерімен кездесті. Өңірде бірқатар құрылыс жұмыстары жүруде. Сондықтан жиында әкім жауапты мамандарға республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын бақылап, сапалы атқаруларын тапсырды. Бұған қоса келесі жылға жобаларды әзірлеуді жүктеді. Даниал Ахметов Өскемен-Алтай тасжолының құрылыс барысы талқыланған мәселеге баса назар аударды. Бұл көлік жолының салынуы тым ұзаққа созылып кеткендігін айтты. Облыс әкімі «Қазақавтожол»-ға жұмыс кестесінің нақты жоспарын дайындап, көрсетуді міндеттеді. Сонымен қатар, Зайсанға апаратын республикалық жолдың «жырын» шешу қажеттігін сөз етті. Нақтысын айтқанда, қытайлық мердігер мен қазақстандық субмердігердің арасындағы шаруашылық келіспеушілікке нүкте қойылсын деді. «Баяғы жартас – сол жартас» болған Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысына тез арада қайта жаңа тендер жариялау, - керек деді Даниал Ахметов. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің көлік жолдары комитеті жоба түзетуден өтіп, жұмысты аяқтауға 12 млрд.теңге қарастырылғаны туралы мәлімдеді. Байқау жарияланып, қорытындыға сәйкес мердігер анықталады. Аймақ басшысының айтуынша, болашақ жобаларды жоспарлау кезінде көлік қозғалысының жиілігін ескеруді алға тартқан жөн.