Банктен қарыз алғандар алаңдамауына болады. Несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады. Қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында қарызын төлей алмағандарға өсімақы жүрмейді. Осы сынды мәлімдемелер лезде ақпараттық сайттарда тараған еді. Алайда, тұрғындар әлі де хабардың шын-өтірігін білмей әлек.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты уақытынан кешіктірілген несие төлемдері үшін айыппұл салынбайды. Тек ескеретін жайттар бар. Ереуілдер салдарынан зардап шеккен тұлғалар ғана несиені кейінге шегеру бойынша өтініш қалдыра алады. Толық ақпаратты қосымша 87272371000 нөмірі арқылы біле аласыздар. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Владимир Зуевтің айтуынша, аталған ведомство ТЖ режиміне байланысты қаржы ұйымдарының еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Қазіргі таңда банктердің жұмысы тұрақталған. Әдеттегідей халыққа қызмет көрсетуде.