Биыл Қазақ театрының құрылғанына 22 жыл. Өнер ұжымы осы уақыт ішінде бірнеше Республикалық, Халықаралық фестивальдерге қатысып биік белестерді бағындырып келеді. Орны бөлек киелі өнердің қай кезде болсын төресі биік. Мұны театрсүйер қауым ыстық ықыласымен дәлелдеп келеді.
Театр – өмір айнасы. Рухани азық беретін өнеге көзі, тәрбие ошағы. Себебі, киелі сахнада түрлі қойылымдар көрсетіледі. Қаншама образдар сомдалады. Талғамы терең көрермен сол арқылы өзінің бет бейнесін көреді. Қазақ театрының әртістері 22 жыл ішінде 80-ге жуық спектакль сахналап көпшілікке рухани азық сыйлап келеді. Өнер ұжымының жеткен жетістіктері де аз емес.
Осыдан 22 жыл бұрын Өскемендегі Қазақ театрының тұсауы «Қозы Көрпеш Баян сұлу» спектаклімен кесілген еді. Сол қойылымдағы сұлудың рөлін театр актрисасы Мадина Құмарова сомдаған. Ол күні бүгінге дейін театрда қажырлы еңбек етіп келеді.
Актриса 22 жылда 48 рөлді сомдап үлгерген. Ең қиын түскен рөлі 80-нен асқан әжейді сомдау болған. «Алайда актер болған соң тіпті оқушы рөлін де ойнауға тура келеді» дейді ол.
Айта кетейік, қалада құрылған ең алғашқы театр, орыс театры болды. 1936 жылдың қаңтарында Н. Гогольдың үйлену спектаклімен бірінші театр маусымы ашылған. Театрды қолдау мақатында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жаңа ғимараты 2015 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы президентінің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Қазір бұл мәдени ошақ ордасында қазақ, орыс және жастар театрлары жұмыс істеуде. Бүгінде театр әртістері түрлі спектакльдерді дайындауда. Бұйырса жаңа қойылымдар көрермен назарына ұсынылмақ.