Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Красин және Шмелёв кентінің тұрғындарымен кездесті. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлерді тексеріп қайтты. Жиналғандарды толғандырған түйткілді сауалдарға жауап берді.
Тұрғындардың басым көбі қала әкімдігіне ризашылықтарын білдіріп, өткен жылға қарағанда бірқатар мәселелер шешілгенін алға тартты. Алайда, алғыспен қатар арыз-шағымдарын айтуға келгендер де жоқ емес. Көптің көкейінде тұрған негізгі екі сауал – cу құбырын тарту жұмыстарының қашан аяқталатыны және жолдардың жөнделуі. Сондай-ақ, жиналғандар арасында балалар ойын алаңын салып беруді, көшелерге жаңа аялдамалар орнатуды сұрағандар да болды. Әкім әр өтінішті мұқият тыңдап, мүмкіндігінше мәселелер шешілетініне сендірді.
Тұрғындармен жиналыста жақында №5 мектептің жанында футбол алаңы салынатындығы сөз болды. Ол қыс мезгілінде мұзайдыны ретінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, балалар мен ересектерге арналған көше спорты стрит-воркаутқа арналған жабдықтар орнатылады.
Қала әкімі әр сенбі сайын тұрғындармен кездесіп, халықтың талап-тілегін, арыз-өтініштерін тыңдауды жалғастырады. Қала әкімдігі азаматтармен байланысқа ашық.