Бүгін Шығыс Қазақстан облысында барлығы 1027 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 120-сы Өскемен қаласында. Белгіленген уақыттан бастап азаматтарды қабылдай бастаған қалалық учаскелерде ауа-райының қолайсыздығына қарамастан дауыс беруге келгендердің қарасы көп болды.
Қырағы байқаушылар учаскелердегі тәртіпті қатаң қадағалауға алды. Күленов ықшам ауданындағы №9 референдум учаскесінде дауыс берушілердің арасында саяси науқанға алғаш рет қатысып жатқан азаматтар да болды. Оларға арнайы сый-сыяпат жасалды. Елдің ертеңіне бейжай емес «Ана мен бала орталығындағы» жүкті әйелдер де шарадан тыс қалмады. Референдум учаскесінде дауыс берушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Талаптарға сай. Дауыс беру жәшігі, бюлетеньдер, жасырын дауыс беруге арналған кабиналар барлығы орнатылған.
Саяси науқанның ашық әрі әділ өтуін байқаушылар жіті қадағалады. Жауапты істе қырағылық танытып отырғандар арасында жергілікті қоғам белсенділері бар. Сондай-ақ облыс орталығына ТМД миссиясынан халықаралық байқаушылар да келді. Шетелден келген қонақтар 120 референдум учаскесін аралап шықты.
Сондай-ақ қаладағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №39 орта мектебінде №28 референдум учаскесі орналасқан. Учаскеде 2495 дауыс беруші тіркелген болатын.
Бұдан тыс, Шығыс өңірлік әскери қолбасшылығындағы сардарлар мен сарбаздар да, дауыс берді. Олар үшін әскери бөлімде 6 референдум учаскесі дайындалған. Референдум учаскелері ашылған әр бөлімде әскери тәртіп бойынша келіп өз таңдауларын жасады.
Әр учаскедегі ахуал бойынша халық референдумға белсене қатысты. Себебі әр азамат ел ертеңінде маңызы зор жалпыхалықтық шараны жете түсінді.