Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстардың саны артуы байқалған. Соңғы 5 жылда педофилдер әрекетінен 200-ден астам бала мен жасөспірім зардап шеккен. Өзекті әлеуметтік мәселе турасында облыстық прокуратурада арнайы жиын өтті.
Облыстық прокуратура мамандары соңғы жылдары кәмәлетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың белең алғанын айтып, дабыл қағуда. Мұндай қылмыстардың саны кемудің орнына арта бастаған.
Мамандардың айтуынша, кез келген арам пиғылды жан күш көрсетуі мүмкін. Әсіресе, есірткі не алкогольдік ішімдікке әуес, жұмыссыз ер адамдардың қылмыс жасауы басым. Бұл қатарда көршілер, отбасының достары, туыс-туған және өгей әкелер де бар. Кейде ата-анасының қолдауы мен түсіністігін сезіне алмаған бала тұйық, бұйығы мінез танытады. Жылдар бойы қорлыққа төзіп, өзгелерден көмек сұрап жүгінуге батылы бармайды. Мұндай тәуекел тобына ең алдымен қолайсыз отбасындағы балалар кіреді. Дегенмен, ешкім бұдан сақтандырылмаған. Прокуратура мамандарының мәлімдеуінше, осы тектес істерді тексеру оңай емес. Тергеу және профилактикалық жұмыстарда да олқылықтар болатын көрінеді.
Әйтсе де 5 жылда ұзақ уақыт бұрын жасалған 80 жыныстық қылмыс анықталған. Бұл – қылмыстардың жалпы санының үштен бір бөлігін құрайды. Өкінішке қарай, бұл дерек нақты көріністі айқындауға жеткіліксіз. Бұрын жасалған қылмыстардың бетін ашып, айғақтау қазіргі таңда прокуратураның бірінші кезектегі міндеті. Мамандар осындай қылмыстардың артуының себептерінің қатарына балалар мен жасөспірімдердің қараусыз қалуын, жыныстық тәрбиенің жеткілікті деңгейде түсіндірілмеуі мен ғаламтор ресурстарын қадағалаусыз қолдануды жатқызады. Кейбір қылмыскерлер құрбандарымен әлеуметтік желі арқылы танысқаны да баса айтылды. Өскеменнің өзінде өткен жыл мен 2022 жылдың жартысында кәмелетке толмағандарға қатысты 16 жыныстық қылмыс тіркелген. 11 қылмыскер 12-ден 23 жыл аралығындағы әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Жоба ата-аналарға бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас, жанжалдарды шешу жолдары туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру, көмектесу үшін жасалған. Кәмелетке толмағандар үшін бұл, ең алдымен, жыныстық тәрбие деңгейінің өсуі. Әрбір баланың жеке шекарасы болуы керек және оны біреу бұзған жағдайда дереу ата-ана көмегіне жүгініп, полицияға хабарлау қажет. Тәжірибеден байқағандай, мұндай қылмыстардың бірқатары көптеген балалар мен жасөспірімдердің жеке бас шекарасын бұзуға ешкімнің құқығы жоқ екенін білмейтіндіктерінен болып жатады.