Биыл Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығына 30 жыл. Қорық 1992 жылы генетикалық өсім қорын және Батыс-Алтай жануарлар әлемін сақтап қалу үшін құрылған. Атаулы күнді қорық қызметкерлері бас қосып, сән-салтанатпен атап өтті. Өңірдегі ең ірі қорық тұмса табиғатымен ерекше. Осындай ортаны аялайтын, қорғайтын жанашыр азаматтардың қатары көп. Барлығы ұзақ жылдар бойы қорықтың дамып, гүлденуіне үлес қосқан жандар. Тіпті, отбасымен осы салада еңбек етіп жүргендері қаншама. Солардың бірі – Наталья Премина. Ол анасының ізін жалғап, осы кәсіпке келген. Бүгінде қорықта қызмет еткеніне 22 жыл болған. Қорық қызметкерлері 30 жыл ішінде аумақтағы флора мен фаунада елеулі өзгерістер болғандығын атап өтті. Зерттелген жануарлар мен өсімдіктердің қатары көбейген. Бүгінде мұнда өсімдіктің 883 түрі бар. Қорық аумағында жануарлардың 214, құстардың 152, сүтқоректілердің 55, балықтың 5, қосмекенділердің 2, бауырмен жорғалаушылардың 4 түрі мекендейді. Салтанатты шарада Батыс-Алтай қорығының дамуына үлес қосқан барлық қызметкерлерге мақтау қағаздары және ақшалай сыйақылар табысталды.