Ұлан ауданы Привольное ауылына жақын жерде балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кезеңде ерлікпен қаза тапқан Бәке батырдың жерленген жері табылды. Ұрпақтары бірнеше жыл қажырлы еңбек етіп, әйгілі ата есімін қайта жаңғыртып отыр. Жоңғар шапқыншылығы қазақ даласын қанға бояп, қасірет жылдарын әкелген еді. Етігімен су кешіп, талай ерлер көзсіз батырлыққа барды. Олардың атына кір келтірмеу, тарих бетінде қалдыру бізге жүктелген міндет, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Алыс-жақын елден келген халық Привольное аулына қарай асықты. Асығатын себеп бар, атажұрттың тартылыс күші де бөлек. Бұл өлкеде бабалары өсіп, кіндік қандары тамған.
Салттан аттамаған жұрт сарабдал тектілігін байқатып салтанатты шараны дәл осылай үлкен-кішілі келіндердің сәлем салуымен бастады. «Келін» аты қашанда келін. Жаңа түскені де, бүгінде әже атанған әулеттің келіндері де сап түзеп жиналған ел-жұртқа иіле амандасты. Дәстүр сондай, халықтан биік ешкім жоқ. Ал, қалың бұқара ата аруағын құрметтеп, оны ұлықтау үшін басына жиналған. Бәке батыр 1738-1818 жылдары өмір сүріп, жоңғар шапқыншылығына қарсы жорықтарда жауды қоғадай жапырған жауынгер. Жай сарбаз емес, Ер Жәнібектің қолынан ақ ту алған дархан даланың дарабозы. Батырға қатысты деректерді топтастырғандардың бірі Толқын Мұхамади. Оның айтуынша, бүгінгі ұрпақ өткен есіл ерлерді білу керек.
Бәке Қостайұлы орта жүз Абақ Керейдің Жәдік руының ұранына айналған Жанат батырдың немересі. Абылайдың қолбасшылығымен өткен шайқастарда асқан ерлік көрсеткен. Ұрпақтары ата-бабаларын бір сәт ұмытқан емес.
Жиналған жұрт тегіс Қытайдан келген ағайын. Жат жерде жүрсе де батырдың жерленген жері жайлы деректерді іздестіріп, картасын сызған. Ағайын болып 9 млнға жуық қаржы жинап, өз күштерімен ескерткіш орнатып, лентасын қиды. Алматыдан ат терлетіп келген тағы бір ұрпағы Нәзір Майсарыұлы ата аруағына құран бағыштап, тақтасын қою біздің көптен бергі арманымыз еді дейді.
Қол жайып болған ағайын ауылға келіп, хатымханаға жиналды. Кешегі күннің ерлерін бүгін әспеттеу - ұрпақ парызы. Бәке батырдан тараған тұяқтар бұл жолда мақтарлық іс атқарды.