Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді жалғастыруда. Басқарма қызметкерлері жыл басынан бері 45 қызмет алушының құқығын қалпына келтірді. Сарапшылар бұл тұрақты мониторинг, шағымдарды талдау және мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде мүмкін болды, - дейді. Соның бір жарқын мысалы, тамыз айында Алтай ауданында орын алған жағдай.
Ведомствоның мәліметінше, департаментке жеке шаруашылық жүргізу үшін жер телімдерін беруден бас тартқан азаматтардан арыз-шағымдар түскен. Бас тартуға аудандық сәулет бөлімінен сұралған учаскелердің бос еместігі туралы қорытындысы негіз болған. Алайда, тексеру барысында уәкілетті органның әрекетінде заң бұзушылықтар анықталды.
Рауан Сләмхан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы:
Жер кодексінің 44 бабына сәйкес сәулет бөлімі 7 жұмыс күні ішінде құжаттар топтамасын дайындап, тиісті келісуші мемелекеттік органдарға жібереді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сұралған жер учаскесінің бос не бос емес екендігін тек мемлекеттік корпорация беретінін атап өткен жөн. Алайда жоғарыда аталған жағдайда сәулет бөлімінің лауазымды тұлғалары өрескел заң бұзушылыққа жол беріп, мемлекеттік корпорацияның қорытындысын алмай бос емес екендігін көрсеткен.
Шындығында, Мемлекеттік корпорацияның ресми қорытындысына сәйкес, бұл учаскелер бос және жеке шаруашылыққа қолдануға еш кедергі жоқ болған. Департамент мамандарының жедел әрекеті арқасында 5 қызмет алушының құқығы қорғалып, заң жүзінде жерді рәсімдеуге мүмкіндік берілді. Лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Департаментте атап өткендей, азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары тек өтініштер бойынша ғана емес, сонымен қатар жоспарлы мониторинг шеңберінде де жүргізілуде. Мәселен, ағымдағы жылдың қыркүйек айында білім беру саласында жүргізілген жоспарлы тексеру және ақпараттық жүйелерге қолжетімділік арқылы мониторинг жүргізу барысында басқарма тарапынан бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде тағы 24 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Салтанат Кеңесбекқызы, Алексей Сафонов