Елімізде алғаш рет Достық үйлерінің Республикалық конгресі өтті. Облыс орталығында ұйымдастырылған шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған. Бұл – қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға арналған маңызды диалог алаңы. Жиында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірде жаңа Достық үйінің бой көтеретінін айтты.
Екі күнге созылған алғашқы республикалық конгреске еліміздің барлық өңірінен Достық үйлерінің, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар мен жастар қатысты. Шараның мақсаты – этносаралық татулықты сақтай отырып, қоғамда жан-жақтылық пен өзара түсіністікті дамыту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел бірлігі мен берекелі тірліктің маңызын ерекше атап өткен еді. Қазақстанның егемендігі мен тұтастығы тек өзара келісім мен сенімге негізделген тұрақтылықтың арқасында ғана сақталмақ. Ал бұл жолда Достық үйлерінің маңызы зор.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Биылғы жыл мазмұнды шараларға толы болып отыр. Өңірде азаматтық бірегейлікті нығайтуға, этностардың тілдері мен мәдениетін дамытуға бағытталған іс-шаралар, форумдар мен ғылыми-конференциялар ұйымдастырылды.Жастарға ерекше көңіл бөлініп, олардың әлеуетін арттыруға жағдай жасалуда. Ассамблея қатарында көшбасшылық қабілетімен, бастамашылдығымен және креативті көзқарасымен ерекшеленетін жас буын өкілдері артып келеді.Біз, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің талантты жастарының кездесуін, республикалық көшбасшылар мектебін өткіздік, жастар театрының гастрольдік сапары ұйымдастырылып, Студенттік Ассамблеялар құрылды.
Бұл алқалы жиын Достық үйлерінің қызметін одан әрі жетілдіруге, үздік тәжірибемен бөлісуге және ортақ мақсаттарды айқындауға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов шығыстағы 8 Достық үйі қоғамды біріктіру миссиясын жемісті жүзеге асырып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ өңірде 100-ден астам тіл үйрету орталығы ашылып, азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне барынша жағдай жасалған. Жас ғалымдар клубы, көшбасшылар мектебі, студенттік Ассамблея сынды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Елдегі алғашқы Достық үйі Өскеменде ашылған. Ал енді, дәл осы шаһарда бүкіл республикаға арналған бірінші жиын өтіп отыр.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Биылғы 30 жылдықтың аясында осындай республикалық конгрестің өздеріңізде ұйымдастырылуы, өзіндік мәні бар. Жаңа өзіңіз айттыңыз 33 жыл бұрын бірінші алғашқы Достық үйі осы жерде құрылған еді. Енді сол Достық үйлерінің бірінші республикалық конгресін өткізу шынымен де бұл символдық мәнге ие. Сол үшін осы дәстүрді үзбей жалғастырғаныңыз үшін рахметімізді айтамыз. Биылғы бірінші жиын біздің 33 жыл ішінде жиылған тәжірибемен бөлісу, талқылау, алдағы мақсаттарды белгілеу.
Конгрессте этносаралық қатынастарды үйлестіру, жастармен жұмысты жандандыру, цифрлық дәуірдегі этносаясат пен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Алдағы уақытта жиынды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Қымбат Иманғали