Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жоғарғы оқу орны мен колледж студенттерін тоғыстырған дебат турнирі өтті. Сөз жарысының тақырыбына арқау болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен Ата Заңының 30 жылдық мерейтойы.
Пікірсайыс - жастардың көшбасшылық қасиетін дамытуды көздейді. Турнирге қатысушылар Жолдаудағы бастамаларды талқылап, түрлі ұстанымдар мен көзқарастарын білдірді. Жарысқа 12 команда қатысты. Олардың ішінен үздік ойынымен көзге түскен 4 топ финалға жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай пікірталас жастардың сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, өз бетінше шешім қабылдауға үйретеді.
Диас Төлегенов, бас төреші:
Бүгінгі қатысушылар әрбір оқу орындарынан болды. Жалпы дайындықтары өте жақсы. Жаңадан келген дебатерлар өте жақсы ойындарды көрсетті. Бұрыннан ойнап жүрген студенттермен тең дәрежелі ойын көрсетті.
Биылғы турнирдің ерекшелігі сол, жаңадан келген ойыншыларға республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген пікірсайысшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізді.
Ернат Файзуллаев, шараны ұйымдастырушы:
Мақсатына келетін болсақ, Ата Заңының 30 жылдық мерейтойына байланысты болғандықтан, оны дәріптеу, насихаттау. Жастардың Заңды күшейтуге, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға өз үлесін қосу, өзіндік үндеуін жасау форматында өткізіп жатқан дебат. Турнирдің ерекшеліктері көп. Біріншіден, қос бірдей турнирдің қойылуын қос бірдей көрме. Бірі Ата Заңның 30 жылдығына арналған. Жақында ғана нәтижесі белгілі болған 100 кітаптың тізіміндегі көрме.
Студенттер пікірталас алаңында өз ойларын ортаға салып, қоғам алдында тұрған маңызды мәселелерді талқылады.
Балым Нұрахметова, шараға қатысушы:
Бұл турнирде өзіміздің білімімізді шыңдадық, ой өрісімізді жетілдірдік. Бұл турнирде айтылған әрбір сөз, әр аргумент – біз үшін тәжірибе. Осы тәжірибені жинап алдағы уақытта турнирге келіп қатысуға үміттенемін.
Мұндай турнирлер еліміздің барлық білім беру мекемелерінде жиі өткізіледі. Тартысты ойын соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапат қағаздары мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Қымбат Иманғали