Облыс орталығында «Шығыс Қазақстан – өсімнің жаңа көкжиектері» атты «Altay Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумы басталды. Форум шеңберінде ірі инвестициялық жобалар көрмесі өтті. Бұл алаңда аймақтың елуге жуық кәсіпорны өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және туризм бағыттарындағы өнімдері мен жобаларын таныстырды. Шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасады. Тың бастамаларды жүзеге асыруға ниеттенген серіктестер ортақ мүддені жүзеге асыру жолдарын талқылайды.

Форумның мақсаты – Шығыс Қазақстан облысының инвестициялық әрі экспорттық әлеуетін арттырып, оның халықаралық ынтымақтастыққа ашықтығын көрсету. Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Altay Invest-2025» шарасы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға, көлік-логистика саласындағы серіктестікті кеңейтуге және тікелей инвестиция ағынын арттыруға ықпал етеді. Форум өңірдің ашық диалогқа, ынтымақтастыққа және жаңа инвестицияларға дайын екендігінің айқын көрінісі, деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз сарапшыларды, кәсіпкерлерді және инвесторларды біріктіріп, даму басымдықтарын бірлесіп айқындау, ой бөлісу үшін бас қосып отырмыз. Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстанға 3 трлн теңге шамасында инвестиция құйылды. Ал осы жылы 1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Форумда сарапшылар, инвесторлар мен кәсіпкерлер бас қосып, даму бағыттарын бірге анықтап, өңір экономикасын ілгерілетуді көздейтін шешімдерді қарастырды. Бағдарлама аясында панельдік пікірталастар, В2В-кездесулер өтеді. Бұдан бөлек, болашақ жобаларға жол ашатын, жаңа мүмкіндіктерге негіз болатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады.

Джеймс Эвенсон, инвестор (АҚШ):

Форум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қазір Қазақстан үкіметі кәсіпкерлікті және шағын бизнесті дамытуды қолдап отыр. Бұл өте үлкен мүмкіндік деп санаймын. Сонымен қатар, Қазақстан бизнесті халықаралық деңгейге шығарып, өнімдерін шетелге де сатуы керек.

Қазір облыста жалпы құны 100 млрд. теңгеден асатын 11 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар жүздеген жұмыс орындарын ашуға және облыс экономикасын нығайтуға септігін тигізеді.

Саят Шаяхметов, кәсіпкер:

Өскемен қаласында туризмге арналған арнайы киімдер тігеміз. 3 жыл болды. Бүгінгі арнайы осындай көрмеге келдік. Өзімізді таныстыруға біріншіден, жарнамалауға. Шетелдермен, арық қарай даму үшін, қаражат бөлу үшін, сондай қарым-қатынас жасау үшін осы мақсатта келіп тұрмыз.Бұл мүмкіндік. Жаңа табыстарды табамыз ары қарай даму үшін.

«Altay Invest-2025» форумы аясында Шығыс Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасында маңызды келісімдерге қол қойылып, түрлі жобалар қолға алынады деп күтілуде.

Қымбат Иманғали