Облыстық драма және оперетта театры өзінің 26-шы маусымын салтанатты түрде ашты. Жаңа маусым Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» спектаклімен түрілді.

Облыстық драма және оперетта театры жаңа маусымға тыңғылықты дайындалған. Көрермен сұранысын терең зерттеген өнер ұжымы биыл тың туындыларын көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Ал бұл жолғы шарада өнер сүйер қауым Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» спектаклін тамашалады.

Асыл Қозықанов, қоюшы-режиссер:

Бұйыртса, бүгін бізде үлкен мереке. Олай дейтін себебіміз театрымыздың жиырма алтыншы маусымының шымылдығын түріп отырмыз. Осындай үлкен дүниемен. Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повесінің желісінде сахналанған лирикалық драмасымен ашып отырмыз.

Туындыда Қырғыз жерінде орын алған оқиға суреттеледі. Қойылым басқа қонған бақты уақытында бағалап, қадірлеу туралы ой салады.

Мақпал Елтайқызы, театр актрисасы:

Менің қазіргі рөлім «Әсел» деген ауылдың қарапайым қызы. Өзінің сондай пәк махаббатын кездестіріп, сол жігітке сеніп, сенім артып, махаббатын таңдап кеткен қыз. Бірақ, соңына келгенде опық жеп қалады. Махаббатынан, таңдаған адамынан. Тағдыры мен үшін ауыр. Әр ойнағанда жүрегіме тиеді.

Еркебұлан Кәкімов, театр актері:

Қойылымда Ілиясты сомдаймын. Ілиястың характеріне келетін болсақ, өте албырт, мықты. Бірбеткей адам. Бішкек қаласына барып осы спектаклді қойып келдік. Гастрольдік сапармен. Ол жақта да өте жақсы қабылдады. Өзінің, орысша айтқанда, миссиясын орындады бұл спектакль.

Театр ұжымы алдағы уақытта да тың қойылымдарымен көрерменді қуанта бермек.

Қымбат Иманғали, Талант Тұрсынов