Күз – астықтың пісіп, жетілетін уақыты. Дәл осы уақытта егістік алқабында тынымсыз еңбек ететін маман иесі – комбайншы. Ерте көктемнен күзгі орақ науқанына дейінгі кезеңде олар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында арнаның түсірілім тобы Глубокое ауданына қарасты Бобровка ауылына барып, адал еңбек иесі, комбайншы Алексей Ефимовтың жұмысымен танысты.

Алексей Ефимов – ауылшаруашылық техникасымен жастайынан таныс. Қиындығы қатар жүретін мамандықты ол небәрі 16 жасында меңгерген. Әкесi тракторшы болған. Алексей Ефимовтың айтуынша, бала күнінде ол әкесінің қасында жүріп, жиі егістікке шығатын. Бәлкім, дәл сол кезде-ақ ол өзінің өмірін осы кәсіппен байланыстыруды шешкен болар. Комбайншылардың жұмыс күні таң алабезінен басталады. Алдымен техниканы мұқият тексереді. Түйіндерін майлап, бөлшектерін тазалайды. Техниканың жай-күйіне үнемі мән беріп отыру керек. Себебі, егістіктегі жұмыс барысы тікелей техникаға байланысты.

Алексей Ефимов, комбайншы:

Қазір егістіктегі қарақұмықты орып жатырмыз. Комбайнды соған бейімдеп, барабан айналымын – 750-ге, ал желдеткіш айналымын – 640-қа қойдық. Бұл – дәннің толықтай тазаланып шығуы үшін керек. Әр дақылды жинап, шабу үшін техикадағы қызметті бөлек-бөлек режимге қоямыз. Мысалы, бидайда желді күшейтеміз, дән таза болу үшін. Ал, қарақұмықта азайтамыз. Бәрін өзіміз тұрақты қадағалап отырамыз.

Жаңбырлы күндері техника жұмысын тоқтатады. Өйткені, дән ылғал тартып, комбайнның қызметі қиындай түседі.

Алексей Ефимов, комбайншы:

Жаңбыр жауса, жұмысты дереу тоқтатамыз. Өйткені дән дымқыл тартады, сабағы да суланады. Комбайн оны турап, сапалы бастыра алмайды. Дәннің ылғалдануы – оның сақталуына да зиян.

Алексей Николаевич ұжымда үлкен құрметке ие. Әріптестері оның тәжірибесін, еңбекқорлығын және әрдайым көмекке дайын тұратын қасиетін жоғары бағалайды.

Ермек Дайырбаев, кәсіпорын директоры:

Алексей Ефимов бізде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Білікті механизатор. Кез- келген техниканың тілін жақсы біледі. Бұдан бөлек, қыс мезгілінде жолды тазартып, жұмысшылардың уақытында жұмыс орнына жетуін қамтамасыз етеді.

Күн-түн демей жұмыс істейтін бұл мамандық иелері – шынайы еңбек ерлері. Заманауи техниканы меңгеріп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқаратын комбайншылар – ауыл шаруашылығының алдыңғы шебінде. Олар жинаған әрбір дән – еліміздің ырысы мен берекесі.

Фатима Тілейханқызы