Риддерде елдегі 32 достық үйінің өкілдері бас қосты. Синегорье демалыс базасында «Ассамблея жастары» республикалық бірлестігінің жас көшбасшылар мектебі жиын өткізді. Шараның мақсаты – ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту. Кездесу аясында жастарға арналған жобалар таныстырылып, волонтерлік пен қайырымдылықты дамыту жайы талқыланды. Қатысушылар бірнеше күн бойы көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. Белсенділер тәжірибе жинап ғана қоймай, шығыстың тұмса табиғатына куә болып қайтты.
Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас көшбасшылар мен еріктілер қатысты. Қатысушылар тек жаңа білім алып қана қоймай, көшбасшылық қабілеттерін шыңдап, жаңа достар тапты. Жиынның қадірлі қонағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жастармен ашық сұхбат құрды.
Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары:
Төрт жүзден астам ірі-ірі шаралар болып жатыр. Оның ішінде басым бөлігі – әлеуметтік, волонтерлік, қайырымдылық шаралар. Ассамблея жастарының «Жаңа толқын» жобасы аясында да көптеген шара болып жатыр. Енді, сол жұмыстың бәрін жалғастыратын боламыз.
Бағдарлама мазмұнды әрі қызықты өтті. Жастар жасанды интеллектіні қолдану, ораторлық өнер мен көшбасшылық құндылықтар бойынша тренингтерге қатысты.
Елена Пак, Қызылорда облыстық «Ассамблея жастарының» жетекшісі:
Шығыс Қазақстан өңіріне алғаш келуіміз. Алыс болса да осындай керемет табиғатты көріп, тамашалап жатырмыз. Әрине, ең басты миссиямыз бұл – жас көшбасшыларды дайындау. Бұл ұйым үшін жоғары маңызға ие. Себебі, біз өңірімізге барып, осындай тәжірибе жинау арқылы осыны жастарға көрсетеміз. Қазіргі таңда ең актуалды темалардың бірі – жасанды интеллект. Осының қолдану аясын үйренген болатынбыз. Одан кейін ораторлық шеберлік, көпшілік алдында сөйлеу мәнерін дұрыстау арқылы ең актуалды тақырыптарды талқыладық екі күн бойы.
Қатысушылар үшін шығыстың табиғаты мен жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы да ерекше әсер қалдырды.
Владислав Толочко, Ақтөбе облыстық «Ассамблея жастары» төрағасының орынбасары:
ШҚО бізді табиғатымен баурап алды. Бірінші күні кешке келіп, қатысушылармен таныстық. Екінші күні қарқынды жұмысқа кірістік. Таң атпай спорттық шаралар болды. Тренингтер өтті. Білікті мамандар келіп сабақ берді. Табиғаты керемет, адамдары керемет. ШҚО-на бірінші рет келіп отырмын. Алдағы уақытта жұмыстан бөлек, өзім демалуға келемін ба деген ойым бар.
Бірлік пен шабытқа толы бірнеше күн жастар үшін ұмытылмас тәжірибе. Шара соңында бірқатар белсенді жастар мен ассамблея мүшелері марапатқа ие болды. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл — олардың еңбегіне берілген жоғары баға әрі алдағы істеріне үлкен серпін.
Фатима Тілейханқызы