Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай Достық үйлерінің Республикалық Конгресі өтті. Бұл алқалы жиынға еліміздің барлық облыстарындағы Достық үйлерінің директорлары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сарапшылар, жастар және мемлекеттік органдардың өкілдері келді. Рет –ретімен тілші баяндасын.

Қонақтар алдымен Ертістің сол жағалауындағы этноауылға барды. Мұнда түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігімен танысып, өнері мен мәдениеті жайлы тың ақпараттар алды. Аталмыш шара Өскеменде екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Мүбәрак Жинақбаева, Жамбыл облыстық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы:

Алтайдың алтын бесігі. Шығыстың рухын серпілтетін еліміздің Өскеменге 2000 жылдық тарихы бар әулие ата көне Тараз мекенінен ыстық ықыласпен келіп отырмын. Бізде 87 этностан астам этностар мекендейді. 75 этномәдени бірлестігіміз бар. Шығыс өңірінде тәжірибе бөлісіп, бүгін үлкен багаж алып қайтамын деген сенімдемін. Мен бірінші рет келуім емес шығысқа 3-4 рет келіп отырмын. Әр келген сайын үлкен әсермен кетемін.

Артынша жалпы саны 100-ден аса адамнан құралған делегация дөңгелек үстелде бас қосты. Олар елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту жолдарын талқылады.

Еркебұлан Ақболатов, Жетісу облыстық Достық үйінің директоры:

Жыл басынан бері ҚХА құрылымдарымен бірлесіп, жалпы саны 58 мың 891 адамды қамтитын 478 іс – шара ұйымдастырылды. Іс –шаралардың барлығы этнос өкілдерінің ортақ мақсатын айқындап, жұмыла жұмыс істеуге облыста тұрақтылықты сақтауға және достық пен татулық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бұл – бүкіл ел үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Атаулы дата шығысқазақстандықтар үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы өңірде алғашқы этномәдени бірлестіктер мен алғашқы Достық үйі ашылған. Бүгінде аталмыш ұйымдар мәдениетті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті насихаттап келеді.

Эльдар Төлеубеков, Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры:

Кездесу мақсаты - әр қайсы өзіміздің тәжірибе алмасу. Қандай жұмыстарымыз бар екенін алдымызға қойған мақсаттарымызды қалай орындау керек, өзімізбен бір – бірімізбен істеген жұмыстарымызды бөлісіп, алдын алу мақсатымызды қарап, Алмас Маратович өзі де осында келіп осы шараны басқарып жүр.

Өскеменде бастау алған бұл Конгресс елдің мәдени және қоғамдық өмірінде этносаралық келісімді нығайтып, татулық пен ынтымақты одан әрі арттыруға серпін бермек.

Бекарыс Секен, Гүлдана Айдарқызы