Риддер қаласында дәстүрлі шаңғы роллерінен қала чемпионаты өтті. Спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай өзара кім мықтыны анықтады. Алғашқы кезең – жылдамдық пен ептілікті сынайтын қысқа қашықтықтан басталды.
Жарыс күні Риддер тұрғындары үшін ерекше басталды. Қаланың түкпір-түкпірінен жиналған жасөспірімдер мен ардагерлер шаңғы роллері спортынан өз шеберліктерін көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл чемпионатқа 200-ден астам спортшы қатысып отыр. Бұл – аталған спорттың Риддер қаласында кең қанат жайып келе жатқанының көрінісі.
Елдар Төлеуғазы, жарысқа қатысушы:
Риддер қаласында оқып жүргеніме төрт жылдай болды. Былай шаңғымен айналысқаныма бес жылдан асты. Команда бойынша он бес адамдай келдік,барлық саны. Әртүрлі жастағы балалар. Үлкендері де бар, орташалары да бар, кішкентай балалар да бар. Бұйыртса, осы жарыста бірінші орын деген атақты алғым келеді. Чемпион болғым келеді.
Мұндай жарыстар жас спортшылардың шыңдалуына, қаладағы бұқаралық спорттың өркендеуіне үлес қосып келеді.
Екатерина Кулакова, Риддер қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы:
Риддер қаласында шаңғы роллері спорты жақсы дамып келеді. Биылғы чемпионатқа 200-ден астам спортшы қатысып отыр. Жарыс үш кезеңнен тұрады.
Валерий Трифонов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Бұл жарысты біз Риддерде 2005 жылдан бері үзбей өткізіп келеміз. Алғашқы жылдары Кировтан спортшылар келіп, өз роллерлерін таныстырған еді. Сол бастамадан кейін дәстүр жалғасып келеді.
Қысқа қашықтықтағы жарыс – қатысушылардың қарқыны мен қайраты, жігері мен жылдамдығы сынға түсетін дода. Ерлер мен әйелдер, жасөспірімдер мен балалар, тіпті спортқа ғұмырын арнаған ардагерлер де жарыс жолына шықты. Атап өтерлігі, ардагерлерге әкімшілік тарапынан сыйлықтар табысталса, балалар медаль, мақтау қағаздары және ақшалай марапаттарға ие болды.
Талант Тұрсынов