Өскеменде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның XXIV отырысы өтті. Жиынға қос елдің бірқатар сала министрліктері мен заң шығарушы орган өкілдері қатысты. Талқыланған мәселелерді тілші тізбектейді.
Комиссияның жиырма төртінші отырысына тараптар тыңғылықты дайындықпен келген. Талқыға түскен түйткілдердің түйінін тарқату бойынша нақты ұсыныс – пікір қос тараптан да айтылды. Олардың барлығы да комиссия хаттамасында тіркелді. Келелі кеңесті ел астаналарында емес шекара маңындағы өңірлерде өткізудің ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы маңызы зор.
Андрей Яцкин, РФ Федералдық жиналысы федерация кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары:
Комиссия шеңберінде маңызды шешімдер қабылдануда. Шараның Өскемен қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Себебі, бұл өңір Ресейдің шекаралас аймақтарымен шектесіп жатыр. Сондықтан, жиынды дәл осы жерде өткізу ұйғарылды. Басқосуда қаралған мәселелердің дені туризм саласына арналды. Көтерілген барлық сұрақтар Парламенттік деңгейде қадағалануы тиіс.
Бұдан бөлек, пленарлық отырыстың күн тәртібінде шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету, көлік қатынасының қолжетімділігі де сөз болды. Экономика, ауылшаруашылығы сынды салалар да шет қалмады. Тараптар бірлескен жобаларды ілгерілетудің нақты жолдарын ұсынды.
Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:
Оның ішінде автомобиль жолдарын салу, әуе және теміржолдарды жақсарту дамыту бірлескен туристік турларды ұйымдастыру. Сол мәселелердің барлығы қаралды. Нақты шешімдер қабылданды. Кей жағдайда арнайы заңдар қабылданады. Оған біз бастамашы боламыз.
Комиссия отырысы нәтижесінде тараптар алдағы кезеңде бірлескен жұмыстарды жандандыруға уағдаласты. Бұл кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды қадам.
Гүлдана Айдарқызы