Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледжде Еңбек күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Шараға еңбек әулеттері, жұмыс берушілер, қоғам қайраткерлері мен студенттер қатысты. Жиын облыстық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Еңбек әулеттері – ұрпақ сабақтастығының, еңбекке адалдықтың жарқын мысалы. Әрі жастарды тәрбиелеудің, болашақ маманның табысты мансабын құрудың маңызды факторы. Дөңгелек үстелдің мақсаты осы әулеттердің қазіргі қоғамдағы рөлін талқылап, тәжірибе алмасу.
Роза Бисекенова, Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледждің оқу-тәрбие ісі жөніндегі директоры:
Бүгін біз қозғап отырған тақырып – әулет сабақтастығы. Бізде білім алып жатқан студенттер өз мамандықтарының мән-маңызы мен қоғамдағы рөлін терең түсінуі тиіс. Сондықтан бүгін біз қандай отбасынан шыққандықтарына, ата-аналары осы мамандық иелері ме, жоқ па деген мәселелерге ерекше назар аударып отырмыз.
Құмаш Нұрғалиев атындағы Жоғары колледж 1998 жылы құрылған. Бүгінде мұнда 1 150-ге жуық студент білім алуда. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Колледж техникалық және қолданбалы мамандықтар бойынша маман даярлайды. Оқу кабинеттері мен зертханалар заманауи жабдықтармен қамтылған. Бұл студенттерге нақты өндірістік жағдайда тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Евгения Нечаева, Қ.Нұрғалиев атындағы жоғары колледжінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директоры:
Бізде әр мамандық бойынша оқу шеберханалары бар. Дәл қазір біз «Шаштараз өнері» мамандығына арналған оқу зертханасында тұрмыз. Жыл сайын материалдық-техникалық таза жаңартылып отырады. Яғни, студенттердің әрқайсысы қажетті құрал-жабдықтармен, жұмыс орнымен толық қамтылған. Әрине, кәсіби тәжірибе – колледждердегі ең негізгі бағңыттардың бірі. Себебі, кәсіби даярлық студенттердің білікті маман болып шығуында үлкен рөл атқарады.
Бағдарлама соңында ұйымдастырушылар мен қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Қатысушылар тәжірибе алмасып, отбасылық дәстүрді сақтаудың маңызын атап өтті.
Талант Тұрсынов, Мирас Сабитпеков