Ұлан ауданында 8-11 қазан аралығында «Шығыс Салбұрыны - 2025» халықаралық фестивалі өтеді. Жиын барысында көпшілік қауымға құсбегілік өнер мен ұлттық дәстүрлердің көріністері ұсынылады. Биыл бұл фестивальге он мыңға жуық қонақ қатысуы күтілуде. Шара жайлы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль мәдениет пен спортты, өнер мен салт-дәстүрді тоғыстырған үлкен алаңға айналды. Қазақ даласының саятшылық мектебін жыл сайын мыңдаған көрермен тамашалайды. Биылғы фестивальдің алғашқы күнінде қатысушылар тіркеліп, жеребе тарту рәсімдерінен өтеді. Бұдан кейін ашылу салтанаты ұйымдастырылып, ұлттық киімдер мен дәстүрлі жабдықтардың керуені көрерменге ұсынылады. Бүркіт, ителгі, қаршыға және тазыны жанына серік еткен саятшылар да жиналған қауымға шеберлігін паш етеді.
Маделхан Піржанов, Ұлан ауданы әкімінің орынбасары:
8-9 қазан күндері қатысушылардың орналастырылуы, мандаттық комиссиядан өтуі және жеребе тарту рәсімдері ұйымдастырылады. 9-10 қазан күндері фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бұл күні қатысушылардың ұлттық киімі мен құсбегілік құрал-жабдықтары, құстардың жалпы жағдайы мен дайындығы бағаланады. Сонымен қатар, бүркітті қолға шақыру, шырғаға салу, қаршыға мен ителгіні қолға шақыру және кептерге салу сияқты жарыс түрлері өткізіледі.
Фестиваль аясында аймақтағы әр аудан мен қала екі киіз үйден тігеді. Олар этно-стильде безендіріліп, халыққа ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетуге арналады.
Ләззат Жұмашева, Облыстық мәдениет басқармасы басшысының уақытша м.а:
Фестиваль аясында Мәдениет басқармасы тарапынан бірқатар дайындық, ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр. Атап айтқанда мобильді сахна қою, LED экран қою және тікелей эфир жүргізу. Фестиваль аясында облыс аумағындағы аудан және қала әкімдіктеріне киіз үйлерді орнату мен безендіру қағидалары бекітіліп, тиісті нұсқаулықтар жолданды. Жоспар бойынша әр аудан мен қала 2 киіз үйден құрады.
11 қазанда сайыстың шешуші кезеңдері өтеді. Ал, марапаттау рәсімінен кейін салтанатты шара гала-концертке ұласады.
Қымбат Иманғали, Бекарыс Секен