Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Глубокое ауданының шығармашылық ұжымы концерт қойды. Мәдени шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына арналды. Бұдан бөлек, ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары қойылған көрме де ұйымдастырылды.

Шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді. Кештің шымылдығы Жидебай ауылын бейнелеген этнографиялық композициямен ашылды. Киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Мейрамғали Дәрменқұлов, Глубокое аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

Облыстық аудандар арасындағы байқауға Глубокое ауданы да тыңғылықты дайындықпен келіп отыр. Бұған жыл көлемінде дайындалдық деп айтсақ болады. Өйткені бір жыл бойы дайындаған дүниелерімізді бүгін әкеліп халыққа ұсынып отырмыз.

Қатысушылар соғыс жылдарына арналған көріністерді сахналап, патриоттық әндер орындады. Әсіресе жас техниктер станциясы оқушылары жасаған әскери техникалардың үлгілері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Көрермендер концерттің жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, жылы лебіздерін білдірді.

Айгерім Саткенова, Глубокое ауданы тұрғыны:

Концерт өте керемет патриоттық сезімде өзім қабылдадым. Жүрекке әсерлі өзіміздің ШҚО әртістері керемет өнер көрсеткеніне таңғалдым. Әлі де біздің әртістеріміз Қазақстанымызды жақсы деңгейге шығарады деген ойдамын.

Құмархан Ахметқалиев, Глубокое ауданы тұрғыны:

Біздің дайындығымыз өте жоғары биыл. Жылдан жылға жақсарып келеді. Неге десеңіз концертке қатысатын әр әнші әр күйші болсын бәрі тыңғылықты дайындықпен келіп отыр бүгін.

Өңірге қарасты аудандардың тарихынан сыр шертетін жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Гүлдана Айдарқызы