12 тамыз – халықаралық жастар күні. Жастар заман көшінен қалмай, түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына өзінің үлесін қосуда. Олар әсіресе қайырымдылық шараларында белсенділік танытуда. Осы мақсатта Глубокое ауданында еріктілердің қатысуымен «Мектепке жол» акциясы өтіп, тұрғындарға көмек көрсетілді.  

Оқу құралдарының қымбаттауы салдарынан әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындау қиынға соғуда. Аудан жыл сайын тамыз айында көпбалалы, жағдайы төмен, толық емес отбасыларында тәрбиеленетін балаларға қайырымдылық шарасын өткізеді. Онда балаларға мектепке қажетті оқу құралдары толы сөмке табысталады. Жыл сайын дәстүрге айналған акция биыл да жалғасын тапты.

Акцияға   қатысқан балалармен қоса ата-аналар да дән риза. Ғазиза Хужаева – алты баланың анасы, «Күміс алқа» иегері. Биыл оның Исмаил есімді ұлы 2-сыныпқа барады. Білім ордасына еш дайындығымыз жоқ кезде, бұл бізге күтпеген жерден жасалған тосынсый болды дейді.

Биыл аудан бойынша 150-ден астам балаға оқу құралдарын табыстау жоспарланған.  Өткен аптадан бері отбасыларға жиыны 10 сөмке таратылды.