Бүгінгі таңда халыққа ең қажет, тұрғындарға ең керекті мамандықтардың бірі – дәрігер. Сондықтан көпшіліктің медицина қызметкерлеріне деген құрметі мен сенімі ерекше. Өйткені, бұл сала мамандарының алдында ауырып қалған науқасты дертінен айықтырып,  емдеп-жазуға байланысты, үлкен жауапкершілік пен міндеттер тұр. 

Ақ халаттыларға қарап, бұл мамандық иелерінің кәсібилігі мен төзімділігіне тамсанасың. Алдына келген қаншама жанды сауықтыру жұмыстарына білек сыбана кірісіп, адам өмірі үшін арпалысқа түскен дәрігерлерді көргенде, оларға деген шексіз құрмет туындайды.  Осы тұрғыда еліміздегі медицина қызметкерлерінің халықтың алдындағы ерен еңбегі ескеріліп, кезең-кезеңімен еңбекақыларын көбейту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, биыл жыл басынан бері бұл сала мамандарының жалақысы орта есеппен 20-30%-ға көтерілсе, ал келесі жылдан бастап екі есеге артады. Дәрігерлер болса, мемлекет тарапынан өздеріне осылайша көңіл бөлініп, тиісті жағдай жасалып жатқанына дән риза. 

Дәрігер – түрлі дертке шалдығып, науқастанып қалған кез-келген адамның өміріне араша түсетін, жауапкершілігі үлкен мамандықтың иесі. Соңғы уақытта елімізде болған қауіпті эпидемиялық жағдай осыны дәлелдеді. Сондықтан, өз еліне пайдасын әкелетін, халық мүддесі үшін қызмет етіп жүрген ақ халаттыларға деген көпшіліктің ықыласы ерекше болып қала бермек.